Қазақстандықтардың кем дегенде үштен бір бөлігі Ресей мен пропагандасы мен жалған ақпараты алдында қауқарсыз. Бұл туралы DEMOSCOPE қоғамдық пікірге жедел мониторинг жүргізу бюросы хабарлады.
Бюро “Қазақстандықтардың Украинадағы соғысқа көзқарасы” тақырыбында екінші сауалнамасын жүргізген. Оған 18 жастан асқан 1110 адам қатысқан. Төменде сауалнама нәтижесін өзгертусіз ұсынамыз.
60 жастан асқандар Ресейді, жастар Украинаны қолдайды
DEMOSCOPE бюросы жүргізген зерттеу нәтижесіне сәйкес, Ресей мен Украина арасындағы қақтығыста Украинаны қолдайтын респонденттердің үлесі 22%. Бұл көрсеткіш осы жылы наурызда дәл осы тақырыпта жүргізілген сауалнамамен салыстырғанда екі есе жоғары.
Ал, Ресейді қолдайтындар – 13%, бұл наурыз айындағы көрсеткіштен едәуір төмен. Қазақстандықтардың көпшілігі (59%) бейтарап қалғанды жөн санады*.
Қазақстандықтардың пікіріне бірқатар факторлар және оқиғалар әсер еткен болуы мүмкін. Оқиға демекші, олар Қазақстанның ішінде болып жатқан және тікелей соғыс контекстінде болуы мүмкін. Алайда, “Қазақстан қоғамында Украинаны қолдайтын тренд қалыптасты” деп нық сеніммен айту үшін бірнеше айдан кейін зерттеуді қайталап өткізу керек.
Жастар Украинаны қолдайтындарын ашық білдіріп жүр. 18-29 жас аралығын қарасақ, Украинаны қолдайтындар (23%) Ресей жақтастарынан (6%) төрт есе көп. 60 жастан асқан респонденттердің үштен бірі (34%) – Ресей жағында. Ал 14%-і Украинаны қолдайды.
Қазақстандықтар Ресей мен Украина арасындағы соғысты қалай түсінеді?
Сауалнама барысында қазақстандықтардың Ресей мен Украина арасындағы қақтығысты қалай түсінетіні, яғни қалай қабылдайтынына мән берілді. Сауалнама көрсеткендей, салыстырмалы түрде алғанда азаматтардың көпшілігі (45%) екі ел арасында болып жатқан қақтығысқа қандай да бір баға бере алмайтынын айтты. Десе де, DEMOSCOPE сауалнамасының нәтижелеріне сүйенсек, қазақстандықтардың 33%-і Кремльдің сөзін сөйлейтін секілді. Сауалнамаға қатысқандардың 15%-і Ресей Украинадағы нацистерге қарсы арнайы әскери операция жүргізіп жатыр деген ойда;
18%-і Ресей Украина территориясында Батыс және НАТО елдерімен соғысып жатыр деп санайды.
Сондай-ақ, 22% респондент “Ресей оккупация жасап, басып алу үшін Украинаға қарсы соғыс жүргізіп жатыр” деген ойда.
Осылайша, Қазақстан азаматтарының кем дегенде үштен бір бөлігіне агрессив соғыс пропагандасы ықпал еткен, соның жетегіне еріп барады десек болады. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық және халықаралық заңнамада соғысқа және оның пропагандасына тыйым салынған.
Қазақстандықтар Украинадағы жағдайды қаншалық бақылайды?
Сонымен қатар, сауалнама деректеріне сүйенсек, біздің қоғамда Украинадағы оқиғаларға деген қызығушылық өте жоғары.
DEMOSCOPE мәліметтері бойынша, қатысушылардың жартысына жуығы (44%) Украинадағы жағдайды ара-тұра бақыласа, 18% күнделікті қарайды, ал 38% мүлде қарамайды екен.
Отандастарымыз Украинада не болып жатқанын көбіне YouTube-арналардан біліп жүр. Бұл жауапты 37% респондент таңдады. Сауалнамаға қатысқандардың бестен бір бөлігі қазақстандық телеарналарда берілетін жаңалықтардан көреді. 18% респондент Украинадағы соғыс туралы ақпаратты ресейлік телеарналардан алады; 15% — таныстарынан, туыстарынан және достарынан естиді. 13%-і Telegram-ы, ал 8% — Facebook-ті қарайды.
Теледидарды, әсіресе, ресейлік теледидарды негізінен 60 жастан асқан адамдар көреді. Ал жас респонденттер интернет-ресурстарды таңдайды.
“Қақтығыстың соңы немен аяқталады деп ойлайсыз?” деген сауалға қатысушылардың жартысы (53%) тараптар ымыраға келеді деген жауапты таңдаған. 11% Ресей жеңеді десе, 7% Украина жеңісіне сенеді.
Азаматтардың 42%-і Қазақстан қазіргі жағдайда бітімгер болып, тараптарды келісcөзге шақыруы керек деп санайды. 37% бейтарап қалғаны абзал, араласпағаны жөн дейді. Азғантай бөлігі біреуінің жағына шығуы керек дейді. 4% Ресейді, 3% Украинаны қолдау керек деген ой айтты.
Ресей мен Украина арасындағы соғыстың Қазақстанға әсері туралы ойы
Ресей әскері Украинаға басып кіргелі біздің қоғамда Ресей Қазақстанға да шабуыл жасауы мүмкін деген алаңдаушылық бар. DEMOSCOPE мәліметтері бойынша, азаматтардың басым көпшілігі (73%) олай болуы мүмкін емес дейді. Бұл пікірді айтқандардың көбі – 60 жастан асқан респонденттер.
Қазақстандықтардың 8%-і ғана Ресей Қазақстанға шабуыл жасауы мүмкін деп ойлайды. Дегенмен, нақты бір жағдайлар болса ғана, олай болуы мүмкін (19%) деген болжамдарда айтылды. Мұндай пікір 18-29 жас аралығындағы жастар арасында жиі кездесті. 9% “мүмкін” десе, 27% “нақты бір жағдайлар болса, олай болуы мүмкін” деген нұсқаларды таңдады.
Зерттеуде ресейліктердің Қазақстанға жаппай қоныс аударуы тақырыбы да қамтылды. DEMOSCOPE деректеріне сәйкес, қазақстандықтар әлі тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін шығарған жоқ, пікірлер әрқилы. Жалпы алғанда, сауалнамаға қатысқандардың 38%-і ресейліктердің жаппай қоныс аударуына қарсы. Ал, 27%-і “қоныс аударуға мәжбүр болғандарға” жылы қабақ танытты. Ал азаматтардың 22%-і бұл мәселеге алаңдамайды.
Миграцияны қолдайтындардың көпшілігі (77%) адамгершілік жағына мән береді. Олар қиындыққа тап болып, елден кетуге мәжбүр болған адамдарға көмектесу керек деп санайды. Бір қызығы, бұл жауапты таңдағандардың көпшілігі – әйелдер (86%-тен астам). 12% прагматикалық себептерді атап өтті.
Мәселен, 8% жақсы мамандар келіп жатыр, соның арқасында білікті кадрлар жетіспеушілігі мәселесі шешіліп жатыр деп санайды. 4% релоканттарды кіріс көзі ретінде қабылдайды, яғни мигранттар елімізде ақшаларын жұмсайды, бизнесіміз көркейеді, экономика плюста болады деген пікірді алға тартады.
Ресейліктердің елге қоныс аударуына қарсы болуының екі себебі бар. Оның бірі – жалға берілетін пәтер, қызметтер мен азық-түлік бағасы қымбаттауы (31%). Бұл пікірді айтқандардың көбі (47,3%) – жастар (18-29 жас).
Екінші себеп – ықтимал қауіп деп қарауы. Яғни, мигранттардың арасында ниеті жамандар, “Ресейдің жақтастары” болуы мүмкін деген пікірлер бар. 31% респондент осылай ойлайды, олардың көбі – 40 жастан 60 жасқа дейінгі азаматтар. Небәрі 4% қатысушы мигранттар мен жергілікті мамандар арасында бәсекелестік пайда болады деп алаңдайды.
Халықтың пікірі қақ жарылғанын байқауға болады. Бұл мәселе ақпараттық соғыс кесірінен күрделеніп жатқаны анық. Қазақстандықтардың кем дегенде үштен бір бөлігі — ресейлік пропаганда мен дезинформация алдында қауқарсыз. Ол аз болғандай, азаматтардың кем дегенде бестен бірі ресейлік телеарналар таратқан ақпаратты көріп жүр. Деректер осылай,
дейді Demoscope бюросы.