Мәжіліс депутаты Марат Бәшімов бұзақы күйеулерінен қорғану үшін полиция шақырған әйелдерді көпшілік алдында айыптады.
Бұл туралы желіде видео тарады, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық портплы.
Жарайды, онда ажырас! Неге адамды түрмеге отырғызасың? Немесе сотқа беріп, онымен бірге тұрасың ба? Мен мұны түсінбеймін,
деді Бәшімов
Бәшімовтың бұл сөзі көптің ашуын туғызуда.
Оның логикасы бойынша, ол үшін әйелді ұруға бола ма?
Әйелдердің кейде ажырасуға арыз жазып, зорлаушысын тастап кетуге мүмкіндігі болмайтынын депутат мырза мүлде түсінбейді немесе түсінгісі де келмейді.
Қазақстанда әйелдерді күйеулері физикалық зорлық-зомбылықпен ғана емес, балаларын тартып алу мүмкіндігімен де қорқытады. Көбінесе мұндай жағдайға тап болған қазақ әйелдеріне сырттан қорған жоқ. Келген полицейлер, тіпті олар да тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының жағына шыға бермейді.
Жақында Ұлжан есімді қазақ қызы зорлықтың құбаны болды. Оны көңіл көтеру орталығының күзетшісі пышақпен қорқытып, жыныстық қатынасқа түсуге мәжбүрлеген. Ертесіне қыз полицияға арыз жазады. Алайда, полиция қызметкерлері қыздың үйіне келіп, арызды қайтарып алуды талап етіп, оған шарт қояды. Ол видео әлеуметтік желіде тарады. Ұлжанның адвокаты бұл жағдайда құқық қорғау органдарының жазасыз қалатынын, олар көптеген арыздарды базаға тіркемей, қайтарып алуды талап ететінін жеткізді. Не үшін? Рұқсат берген кім? Зорлыққа ұшыраған қыз әлі күнге дейін жауап алмағанын, істің тергелмегенін видеоға түсіріп, тіпті ел президентіне зар-мұңын жеткізген еді.
Біздің қоғамда расымен де біркелкі, нақты жұмыс істейтін жүйе жоқ. Қыз ер адамнан қорғану керек пе, әлде полиция қызметкерлерінен сақтану керек пе? Сонда әйелдердің құқығын кім қорғайды?