Халықаралық «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау қоры ҚР Ақпарат және сыртқы істер министрлерінің атына ашық хат жолдады.
Өтініште құқық қорғаушылар Ресей қазақстандық журналистерді қандай халықаралық нормалар негізінде сотқа шақыратынын түсіндіруді сұрады.
Қазақстан Республикасының Үкіметі бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуын қамтамасыз етуге және ҚР Конституциясымен кепілдік берілген сөз бостандығын қорғауға уәкілетті. Қазақстанда цензураға тыйым салынады. Жоғарыда айтылғандарға байланысты Ресей Федерациясының мемлекеттік органдары қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары мен журналистерге қандай халықаралық міндеттемелер негізінде шақыру қағаздарын жіберетінін түсіндіруіңізді сұраймыз? Қазақстан Республикасы Ресей Федерациясының мемлекеттік органдарының жоғарыда көрсетілген әрекеттеріне байланысты қандай ден қою шараларын қабылдауға ниетті?
делінген ашық хатта
Айта кетейік, жақында қазақстандық Arbat.media редакциясы Украинадағы соғыс туралы материал жариялағаны үшін Ресей сотынан шақырту қағаз алған болатын. Ал бұған дейін Роскомнадзор тоғыз қазақстандық медиаға Украина туралы мақалалары үшін ескерту хат жолдап, оны өшіруін талап еткен.