Қазақстандық әйгілі әнші Димаш Құдайберген концерттерінен түскен қаражаттың бір бөлігін Түркия мен Сириядағы жер сілкінісінен зардап шеккендерге аударады. Бұл туралы ол өзінің парақшасында жазды.
Қазақ халқына бауырлас, ағайын ел болып саналатын Түркияда, Сирияда және басқа да мемлекеттерде табиғаттың залалынан дүние салып жатқан адамдардың саны мыңнан асып кетті деген хабарды естідім. Әрине, зор күйзеліспен қабылдап отырмыз. Барлық дүние салған адамдардың жақындарына шын жүректен қайғыра көңіл айтамыз. Ауыр халде күй кешіп жатқан көршілес бауырларымыздың тезірек сауығып кетуін тілейміз,
деді әнші.
Еске салайық, 2023 жылы 6 ақпанда Түркия мен Сирияда 7,7 балдық жойқын жер сілкінісі болды. Кейінгі мәлімет бойынша, екі елде қаза тапқандар саны 7800 адамнан асты.