Қарағанды облысындағы Сарышаған ауылының маңында орын алған жол апатынан 2 дәрігер қаза туып, 8 медицина қызметкері зардап шекті.
Дәрігерлер Балқаш қаласындағы «Қазақмыс» компаниясының жұмысшыларын профилактикалық қарап-тексеруден өткізіп, қайтып келе жатқан болатын. Олар мінген автобус МАЗ маркалы жүк автокөлігімен соқтығысып, жол апатына ұшырады.
Министрлік мезгілсіз көз жұмған Кенжеханова Виктория Ислямқызы мен Қыстаубаева Бақыт Рашитқызының жақындары мен отбасына көңіл айтты.
Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Зардап шеккендер тезірек сауығып кетуіне тілектеспін. Сондай-ақ Үкіметтің таяудағы отырыстарының күн тәртібіне жолдардағы қауіпсіздік мәселесін енгізуді тапсырамын,
деді Премьер-министр Әлихан Смайылов.
Отоларинголог Виктория Кенжеханова мен офтольмолог дәрігер Бақыт Қыстаубаева азаматтардың денсаулығын қорғауға ондаған жыл ғұмырын сарп еткен нағыз кәсіби мамандар еді. Аймақтық денсаулық сақтау саласы орны толмас ауыр қазаға душар болды,
деп жазылған министрлік хабарламасында.
Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен «Қазақмыс» компаниясы да қайтыс болғандардың отбасына көңіл айтты.