Елімізде 4 қыркүйектен бастап күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды. Бұл туралы Қорғаныс министрлігі хабарлады.
Президенттің «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2022 жылғы наурыз-маусымында және қыркүйек-желтоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» 2022 жылғы 4 наурыздағы жарлығына бойынша, 1 қыркүйектен бастап елімізде күзгі әскерге шақыру кезеңі басталды.
Облыстық, қалалық және аудандық шақыру комиссиялары жергілікті атқарушы органдар әкімдері орынбасарлары басшылығымен жұмысқа кірісіп кетті. Әскерге шақыру науқаны 31 желтоқсанға дейін жалғасады. Алдағы 4 ай ішінде Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың қатары 18-27 жас аралығындағы 18 мыңға жуық жаңа буынмен толықпақ,
делінген хабарламада.
Министрлік хабарлауынша, бұл жастардың ішінде 8 мыңға жуығы Қарулы күштер қатарына қосылып, 6 мыңнан астам бозбала Ұлттық ұланға, 3 мыңнан астам адам Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметіне, 300-дей жас Төтенше жағдайлар министрлігі бөлімшелеріне және 100-ге жуық азамат Мемлекеттік күзет қызметіне шақырылады.
Әскерге шақыру SMS-хабарламалар немесе үйіне және жұмыс орындарына дербес шақырту қағаздарын жіберу арқылы жүзеге асырылады. Бұл шараларды жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырып, оның іске асуын қамтамасыз етеді,
деп хабарлады министрлік.
Облыс, қала, аудан әкімдерінің орынбасарлары әскерге шақыру комиссияларын басқарады. 7 қыркүйектен бастап жаңа құрамалар жинау пункттерінен әскери бөлімдерге жіберіледі.