Елімізде жыл сайын суға кетіп, қаза тапқандардың саны азаймай тұр. Биыл шомылу маусымы басталғалы республика бойынша жүз адам өзен-көлдерде ажал құшқан. Оның 39-ы бала.
КТК арнасы хабарлағандай, көп адам шомылуға рұқсат етілмеген орындарды жағалап, ағысы қатты өзендерге түседі. Түнгі уақытта шомылады. Қайғылы жайттардың да көбі осы жерлерде болып жатыр. Өлім-жітімді азайту үшін құтқарушылар халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз, бірақ құлақ асатын жандар өте аз дейді. Сондықтан Төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері полициямен бірлесіп, қауіпсіздік ережесіне немқұрайлы қарайтын адамдарға жаппай айыппұл салуға көшіпті. Өйткені, тыйым салынған жерде шомылғаны аздай, суға мас күйінде түсетіндер де көп. Мұндай оқиғаның соңы көбіне қайғылы аяқталатыны аян.
Біз атааналарды шомылуға барғанда балаларын қараусыз қалдырмауды сұраймыз. Алкогольді ішімдік ішіп және түнгі уақытта суға түсу өте қауіпті. Сақ болыңыздар. Біз айтудан жалықпаймыз. Себебі, жағдай жылдан жылға ушығып барады. Арнайы белгілерге назар аудару қажет. Алдымен ескерту жасаймыз. Сосын айыппұл саламыз,
дейді Алматы қалалық ТЖД басқармасының қызметкері Есбол Сұлтанов.