Елімізде соңғы 1 жылда жаңа пәтерлердің бағасы 4,4%-ға өскен. Ал қайталама нарықтағы пәтерлердің бағасы керісінше 2,9%-ға төмендеген, деп хабарлайды Dauletten.
Бұдан бөлек пәтерді жалға алу құны тамызда бірден 17%-ға өсіпті. Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер нарығында баға жылдық мәнде Ақтауда 18%, Семей де 16%, Павлодарда 15,5%-ға қымбаттады.
Ал екінші нарықтағы пәтерлер нарығында баға өсімінің көш басында Семей (25,3%), Ақтөбе (22,5%), Қызылорда (15,5%) қалалары, тұрғын үйді жалға беру нарығында Көкшетау (37,9%), Қонаев (36,1%), Ақтөбе (34,7%) қалалары тұр.
2023 жылдың тамызында пәтер сату-сатып алу бойынша 38 810 келісімшарт жасалған. Бұл соңғы жылдағы ең жоғарғы көрсеткіш болып отыр. Оның ішінде жеке үйлер бойынша 10 141 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 28 669 мәміле жасалыпты. Мәмілелер саны бойынша Астана (6 679 – 18%) және Алматы (5 928 – 15,3%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (3 705 – 9,5%) көш бастап тұр.