Ел өңірлерінде Бала құқықтары жөніндегі уәкіл лауазымы енгізіліп жатыр. Енді әр аймақтың өз өкілі болады, олардан балалар да, ата-аналар да көмек сұрай алады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі хабарлады.
Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер баланың құқығы мен заңды мүддесінің бұзылуы туралы өтініштерді, жергілікті атқарушы органдардың және өзге де ұйымдардың әрекетіне немесе әрекетсіздігіне қатысты шағымдар қарайды. Сонымен қатар, олар балаларды қорғау саласындағы мәселелерді шешуге арналған заң жобаларын дамытуға, ілгерілетуге қатысады.
Сонымен қатар бала құқықтары жөніндегі омбудсмендер мемлекеттік органдар мен білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және халықты әлеуметтік қорғау ұйымдарына кедергісіз қол жеткізеді. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдер қоғамдық негізде жұмыс істейді.
Үкімет қаулысы бойынша, қазір бұл лауазым барлық облыс пен республикалық маңызы бар қалада енгізіліп жатыр. Балалардың құқығын қорғау жөніндегі облыстық уәкілдерді облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімі тағайындайды. Бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкілдерді іріктеудің негізгі критерилері — үміткердің балалармен жұмыс істеу тәжірибесі, үкіметтік емес ұйымдардағы тәжірибесі немесе қоғамдық қызметі және тағайындау кезінде балалардың құқығын қорғауға үміткер қандай үлес қосқаны ескеріледі. Бұл балалардың құқығын қорғау саласында тәжірибесі және өз ұстанымы бар ел құрметтейтін адамдар болуға тиіс,
деді Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Элина Паули.
Қазірдің өзінде жеті облыста бала құқықтары жөніндегі уәкілдер тағайындалды. Олардың арасында үкіметтік емес ұйымдар, қоғамдық бірлестіктер жетекшілері мен заңгерлер бар.