Мектеп асханасындағы баға нарықтағы орташа бағамен теңестіріледі. Бұл туралы ҚазАқпарат жазды.
Балалардың құқығын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Дулат Жекебаев мектеп асханаларындағы бағаны реттейтін нормалар тамыздан бастап күшіне енгенін айтты. Алайда оның талаптары жаңа сатып алу рәсімдері өткен кезде ғана толықтай күшіне енеді.
Тамыз айында мектептерде тамақтандыруды ұйымдастыру қағидаларына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Әсіресе тамақтану құнын реттеу бойынша норма енгізілгенін атауға болады. Сол арқылы бағаны негізсіз көтермеу, тыйым салынған өнімдерді мүлде сатпау мәселелерін шешу көзделіп отыр. Өнім беруші техникалық тапсырмада көрсетілген мәзір мен бағаларды қатаң сақтау керек. Сондай-ақ, қолданыстағы шартқа инфляция деңгейін ескере отырып және мемлекеттік сатып алу порталында орташа баға шегіндегі бағаны өзгерту бөлігінде норма көзделген,
деді Дулат Жекебаев Оқу-ағарту министрлігінің аппарат мәжілісінде.
Оның айтуынша, ауылдағы мектептерді қойып, қалалық мектептердің көбі әлі күнге дейін асханада қолма-қол ақшасыз есеп айырысу жүйесін жолға қоймай отыр.
Қолма-қол ақшасыз есеп айырысу бойынша салық заңнамасының талаптарын орындау қажет. 2020 жылы бұл талап тамақтандыруды ұйымдастыру талаптарына енгізілген еді. Алайда бұл жұмыс әлі күнге дейін баяу жүріп жатыр. Қолма-қол ақшасыз есеп айрысу 1 368 мектепте, оның ішінде 1 112 қалалық мектепте ұйымдастырылған. Сонымен қатар тек 369 мектепте ата-аналарды автоматты түрде хабардар ету функциясы бар. Тек 3 272 мектептің ас блогында ғана бақылау камералары орнатылған,
деді комитет өкілі.
Министр Асхат Аймағамбетов жаңа қабылданған ережелерді жұмысқа қалай пайдалану керек екенін айтты.
Бұл қағидат тамыз айынан бастап күшіне енді. Бұл нормалар толығымен күшіне ену үшін конкурстар біз бекіткен ережелер бойынша өтуі керек. Алдымызда әлі 3 ай бар. Жаңа жылға дейін мектептерде тамақтану қызметін ұсынушылармен жаңа талаптар бойынша келісім арқылы жұмыс жүргізілуі керек. Ал келесі жылдан бастап жаңа сатып алу рәсімін өткізген кезде ережені толығымен сақтау керек. Ережелер енгізілді. Енді асханалардағы тамақтың бағасы толығымен реттеліп, ол нарықтағы орташа бағадан жоғары болмауға тиіс,
деді Асхат Аймағамбетов.
Министр мектеп асханаларындағы баға кәдімгі дүкеннен және сол мектептің жанында орналасқан басқа асханалардан қымбат болуы түсініскіз екенін айтты.
Ол– мектептің асханасы, мектептің асханасындағы жарты литр су немесе бір тоқаш қалай жанындағы дүкен, асханалардан қымбат бола алады? Нарықтағы орташа бағалардан бірнеше есе қымбат болуы, әрине, миллиондаған ата-ана мен балалар үшін түсініксіз,
деді министр.
Осындай проблемалар себебінен арнайы нормалар қабылданды.