Қазақстандықтар Алина Шакиева есімді орындаушының «Ұйқым келмейді» әні мен бейнебаянын жаппай талқылап жатыр. «Той думан» телеарнасының Youtube парақшасына жүктелген бейнебаян екі күнде миллионға жуық көрілім жинап, көпшілікке ұсынылған видеолардың қатарында бірінші орында тұр.
Көпшілік әннің сөзіне, әншінің орындауына, бейнебаянға сыни көзқарастан бұрын, әжуалап, пікір білдіруде. Телеарналардың біріне сұхбат берген әнші қазақ тілін енді үйреніп жүргенін, әнші болу үлкен арманы екенін айтқан. Және бейнебаяны осынша тез танымал болғанына қуанышын жеткізген.
Ерекше әндерімен, бейнебаяндарымен, орындауымен Қазақстанда танымал болған жалғыз Алина емес. Бұған дейін де бір ғана әнмен ойламаған жерден көпшіліктің талқысына түсіп, танымал болған қазақстандықтар аз емес.
Соның бірі, әрі атасы —
Тәкежан
Тәкежан интернет қазіргідей дамымаған кезде Абай Құнанбаевтың «Айттым сәлем Қаламқас» өлеңіне бірегей ән жазып, бейнебаян ұсынды. 90-жылдардың соңы мен 2000 жылдардың басында ресейлік MTV арнасында пайда болған бұл ерекше орындау қазақ қоғамын дүр сілкіндірді. Абырой болғанда, қазіргідей әлеуметтік желілер жоқ, әншінің жүйке жүйесі біршама негативтен аман қалды. Алайда, қазақ өнерінің аға буыны сыни пікірлерін газет-журнал, телеарналар арқылы білдіріп жатты. Тәкежан бұл сындарға бүлк етпеді, өнерін әрі қарай да жалғастыра берді. Дегенмен, дәл «Айттым сәлем Қаламқастай» ешбір әні «жарып» шыққан жоқ.
Асан Пердешов
«Жоқ, сені ұмытқаным жоқ, Жоқ, қадамашы жүрегіме оқ» деген әнімен қазақ шоу-бизнесіне зымырандай еніп келген Асан Пердешов жастардың жүрегін бірден жаулап алды. Алайда «жоғары мәдениет» өкілдері әншінің басты хитына сынмен қарады. Көпшілік әннің сөзіне тиісіп, тым қарабайыр деп сынады. Сыннан мықты бола түскен Асан Пердешов бұдан да үздік хиттер жазып, қазақтың ән өнерінен ойып тұрып орын алды.
Нұрым Қуаныш
«Четыре татарина и блатной казах» деген тақпақ әнмен танылған Нұрым Қуанышты да рейтингімізге қосуды жөн көрдік. Әнші кейін көптеген лирикалық әндер жазғанымен, көпшілік оны «Четыре татарина» әнінің орындаушысы ретінде таниды. Бір әннің құдыреті деген осы шығар.
MC Sailaubek
Бұл тізімге MC Sailaubek-ті қоспай кетпесек болмас. Шетел әндері мен рэпті өз мәнерінде орындайтын Сайлаубек те Алина сияқты бір сәтте танымал болды. Кебірі бұдан бір шарм мен ерекше өнерді көрсе, басқалары мүлдем эстрадаға жолатпау керек деп жатты. Бір сәттік танымалдылығын пайдаланып, орындаушыдан бірегей әнші жасап шығарғысы келген продюсерлер де табылды. Дегенмен, көпшілік орындаушы ішкілікті қойып, қарапайым адам болса да жетіп жатыр десті.