Жанель Мақажан жүкті екенін айтып, күйеуіне тосын сый жасады. Қуанышты жаңалығымен актриса өзінің Instagram-дағы парақшасында бөліскен болатын.
Құрметті достар, сүйінші хабарымызбен бөліскіміз келіп отыр. Бір жарым жыл дұға етіп, күткен Алланың сыйы бізге нәсіп етілді, шүкір! Бізге тілекші болған әрбір жанға алғыс айтамыз! Бала сүйгісі келетін әрбір жан, шын жүректен сіздерге де жұғысты болуын тілейміз,
деп сүйінші сұрады өнер иесі.
Актриса сәбиінің атынан хат жазып, күйеуіне тосын сый жасады. Қуанышты хабарды жеткізген Жанель де, өзінің әке атанатынын білген жолдасы Абай Асылхан да көзіне жас алды.
Әкешім, Алла анашым екеуіңіздің дұғаларыңызды қабыл етті. Мен сіздерді көруге асықпын. Сізге деген үлкен махаббатпен, сәбиіңіз,
деп жазылған хатта.
Актер Абай Асылхан бұл сәбиді ұзақ күткенін жасырмады.
Біз лайықсыз болғандықтан ба немесе әлденені дұрыс жасамағандықтан болар, балалы бола алмай жүрміз деп ойлайтынбыз. Мен үздіксіз тіледім. Тағы бір үлкен арманым орындалды,
деді актер қуанышын жасыра алмай.
Әбекенің үш үлкен арманы орындалды. Біріншісі – қажылыққа бару, екіншісі – менің орамалға келуім және сәби сүю,
дейді Жәнел көз жасына ерік беріп.
Алайда жұптың бұл жариялынымын жұрт сынға алды. Әлеуметтік желі қолданушылары жүктілікті дүйім жұртқа жариялауды ерсі санады.
«Бүкіл ел білу керек пе соны? Бұрын қүйеуіне ғана айтатын да, жақын туыстарыға да айтуға қорқып, ұялып, тіл көз тиеді деп. Бойға біткен нәресте өте нәзік, бәрі де мүмкін болады. Ал қазір бәріне жариялайды, ешқандай құпия жоқ, ештеңеден қорықпайды, ұялмайды. Басқаларға ол не керек? Оны екі адам ғана білу керек қой»
«Осы күнгі еркек те жылауық. Еркек көрсетпей жыласа неғылады? Қолына ұстағанын қарасай. Ұят екен».
«Қанша тусақ та жарияға жар салып көрмеген екенмін. Ерсі наресе ғой»
деп жазды оқырмандар.
Айта кетейік, Абай Асылхан актриса Жанельдің бірінші отбасынан екі баласын тәрбиелеп отыр. Актриса жолдасынан 8 жасқа үлкен.