Музыкалық топтың солисі есірткіге масайған күйі көлік жүргізгені үшін бас бостандығынан айырылды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
Алматының полиция департаменті Анықтау басқармасы Ә.Мұрат деген азаматқа қатысты ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі арқылы қозғалған қылмыстық істі тергеп аяқталды. Ә.Мұрат бұған дейін көлік жүргізу куәлігінен айырыла тұра, көлікті мас күйінде басқарғаны үшін ұсталған.
Тергеу кезінде былтыр қыркүйек айында Ә.Мұрат деген азамат мас күйінде көлік жүргізген кезде оны елордалық полиция қызметкерлері ұстады. Сол кезде сот шешімімен 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылып, 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынған еді. Алайда өзіне тиісті қорытынды жасамай, биылғы жылдың 6 тамызында Ә.Мұрат деген азамат тағы да мас күйінде көлік тізгініне отырған. Медицина тексеруі кезінде оның есірткіге мас екені анықталды. Сол күні Мұрат мырзаның үстінен қылмыстық іс қозғалып, қамауға алынды,
деді Алматы ПД Анықтау басқармасы бастығы Олжас Шәріпов.
28 қыркүйек Бостандық сотының үкімімен Ә. Мұрат ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлік жүргізу құқығынан айыру және 1 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын ең төменгі қауіпсіздіктегі бас бостандығынан айыру орындарында өтейді.
Еске салайық, жыл басынан бері анықтаушылар аяқтаған қылмыстық істер бойынша, сот үкімімен 95 адам көлік құралын басқару құқығынан өмір бойына айырылған. Осы ретте, Алматы ПД азаматтарды заң бұзбауға шақырып, мұндай құқықтан айырыла тұра, көлік құралын мас күйінде жүргізу қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын тағы да ескертеді,
деді Олжас Шәріпов.