Президенттің соңғы Жолдауында жарияланған өзгерістер жеткіліксіз, деп санайды әлеуметтанушы Тимур Айсауытов. Мәселен, жолдаудағы экономикалық міндеттерді жүзеге асыру үшін алдымен ауқымды реформа жүргізу қажет. Ал саяси бағдарлар қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартпайды.
Жолдауда біраз жаңа нәрселер айтылды, бірақ саяси және экономикалық саладағы аса қажетті өзгерістердің ешқайсысы қамтылмады. Бізге дәл қазір экономикалық саясатта реформалар қажет еді. Тоқаев шикізаттық тәуелдік, еңбек өнімділігі туралы айтты, бірақ ол бастамалар қанша жерден дұрыс болғанымен, біз күткендей нәтиже бере қоймас. Мысалы, салық реформасын баяғыда қолға алу керек еді, бірақ осы және басқа өзгерістер сапалы жүргізілуі үшін алдымен ауқымды да жүйелі реформалар жүзеге асырылуы тиіс.
Ең бірінші, экономикалық саясаттағы ірі бизнестің рөлін ішкі саясатқа ықпал ете алмайтындай етіп күшейту қажет. Қазір біздің экономикалық саясатымызды бизнесмендер емес, шенеуніктер шешеді. Соның кесірі кешегі қырғынға алып келді. Ірі бизнес мемлекеттің маңызды, жүйелі серіктесіне айналғаны жөн.
Бизнесті арзан кредитпен қамтамасыз ету тапсырылды. Бірақ қазіргі қолданысымыздағы экономикалық моделімізде бұл да құрғақ уәде күйінде қалады. Бизнесті арзан несиелермен қамтамасыз ету туралы бұрынғы президент те талай рет тапсырма берген. Ақыр аяғында мұның бәрі әшейін ғана Ұлттық қордан қосымша ақша бөлумен аяқталатын. Ол ақша түрлі бағдарламалар арқылы игеріледі, бірақ ешқандай нәтиже бермей жатады.
Қараңыз да тұрыңыз, бұл жолы да Бизнестің жол картасы аясында қолданыстағы бағдарламалар кеңейтіле салады. Қаржыландыру көлемі өсіріледі, бірақ ол кредиттер шағын және орта бизнеске беріледі. Ірі бизнеске ақшаны Қазақстанның даму банкі береді, бірақ ол жеткіліксіз. Қазіргі күні екінші деңгейлі банктердің корпоративтік секторға берген кредиттері ЖІӨ-нің шамамен 10-ақ пайызын құрайды, бұл тым аз. Экономика дамуы үшін құрығанда 40-50% болуы керек.
Есесіне халыққа берілген кредит одан бір жарым есеге көп – шамамен 15%. Ол ақша да жергілікті өндірісті емес, импортты ғана ынталандырады. Ол ақшаның бір бөлігі ипотека. Ендеше президенттің бір бұйрығымен біз жағдайды бірден өзгерте сала алмаймыз.
Кредитпен қамтамасыз ету үшін экономикамызда тиісті қаражат болуы керек, ол ақшаны қайдан аламыз? Ұлттық қорды екінші деңгейлі банктерге бере салуға болмайды. Өйтсек, ертең мүлдем қорсыз қаламыз. Шетелдік қорлар нарығы Қазақстан үшін 2006-2007 жылдардан бері жабық.
Ақшаның жалғыз көзі – ішкі қор нарығы, оның елден әкетіліп жатқан капиталға тосқауыл қою арқылы қаматасыз етуге болады. Меніңше, бұл жалғыз мүмкіндік. Капиталдың сыртқа кетуін тоқтату үшін кен-өндіру секторы, тасымал және жасанды инвестициялар арқылы сыртқа ақша таситын ескі схемаларды сындырып тастау керек. Біздегі инвестиция деп өтірік молайтылып көрсетілетін қаражат инвестицияның қайтарымы деген желеумен елдің табысын елден әкетіліп жатыр. Әрине, сын айту оңай шығар. Бірақ біздің қоғам шынымен де елеулі реформалар күтіп отыр. Экономиканың басқа концептуалды моделін неге ұсынбайды,
дейді сарапшы.