Қазақ ақшасы жоқ болсада той жасауға, қымбат киінуге, қымбат көлік мінуге құмар.
Финляндияда өмір сүретін бір кісінің айтқаны:
Финляндияда өмір сүремін. Жалпы алғанда бұл жерде өмір сүру шарттары өте жақсы. Кедей адам кездестіру қиын. Егер ішімдікке салынған немесе есірткі тәуелділігі сияқты індеті жоқ адам, ешкімге мұқтаж болмайды. Қандай бір еңбек істеген адамға, жеткілікті жалақы төленеді. Кейбір себептермен белгілі уақыт жұмыссыз немесе үйсіз болса, мемлекет жәрдемақы, баспанамен қамтамасыз етеді. Ал қалыпты еңбек ететін адамдар жеткілікті жалақы алады және қандай бір қаржылық тапшылығы болмайды.
Финляндияда осындай молшылық болса да, азық-түлік, киім-кешек немесе тұрмыстық заттарға қатысты мүмкіндігінше ысырап жасалмайды. Аса қажет болмаса, ешкім артық нәрсе сатып алмайды. Үйіндегі, қолындағы бір заттың қажеттілігі қалмаса, тастай салмайды, оны жарияға салып, қажеттілігі бар біріне береді. Болмаса ескі зат алатын дүкендерге немесе ескі зат жинайтын ұйымдарға өткізеді. Қажеттілігі бар адамдар сол жерден алады.
Мысалы, балалы отбасы, қаражат тапшылығы жоқ болса да, ескі киім немесе ескі зат дүкендерінен қажетті киім-кешек немесе заттарын арзанға сатып алады. Бір жылдан кейін киім-кешектері кішірейіп қалса, тағы басқа қажеттілігі бар адамдарға сатады немесе ескі зат дүкендеріне өткізеді. Киюге немесе қолдануға жарамай қалған заттар, қайта өңдейтін өндірістерге өткізіледі. Ешкім ешбір затты қажетсіз деп қоқысқа тастап, ысырап жасамайды.
Азаматтар ескі зат дүкендерінен ештеңе сатып алмаса да, барып аралап қайтуды ұнатады.
Финляндияда ескі зат дүкендеріне бару немесе зат сатып алу ешқандай ұят емес, ешкім айыптамайды. Керісінше бұл, адамдардың қарапайымдылығы мен ысырапшыл еместігін, интеллектуалды азамат екенін көрсетеді.
Финляндияда сіздердегідей (Қазақстандағыдай) қымбат әрі үлкен «джип» машиналар көп емес, ондай көлік мініп жүруге жатырқанады. Өйткені отан үшін, адамзат игілігі үшін басқа маңызды істер тұрғанда, ондай қымбат көлік мініп, жанармайына көп қаражат жұмсау, ауаны ластау дұрыс емес.
Қымбат киім киіну, қымбат көлік міну – мақтанға жатады, жоқшылықтың зардабын тартқан психологиядан туындаған немесе мақтанға бой алдырған комплекстің белгісі, интеллектуалдың төмендігін көрсетеді.
Сондықтан бұл жердің адамдары қарапайым киінеді, бірақ таза киінеді, жалпы президенттен бастап бәрі де қарапайым өмір сүреді.
Финляндия халқы адамдарды киген киімі мен мінген көлігіне қарай бағаламайды. Керісінше, біліміне, интеллектуалдық адамшылығына қарай бағалайды.
Финляндия халқы құқықтың әділдігіне ерекше назар аударады, адам құқықтарын қорғауды басты назарда ұстайды. Құқықтық, әлеуметтік және моральдық қағидаларды бұзбайды. Сонымен қатар білім мен ғылымға ерекше көңіл бөледі.
Міне, біздің батыс, батыс деп қайран қала беретініміздің құпиясы осы болса керек.
Өкініштісі, мұндай нәрселер бізде тек сөзде бар, істе жоқ.
Біздің атқа мінерлерді аралатып келетін жер екен!
Авторы: Жоламан Булан. Журналист Сәуле Әбілдаханқызының парақшасынан алынған.