Әлемнің басты экономикалық жаңалықтарына шолу БАҚ не туралы жазды.
Газға тәуелді Еуропа
Ресейдің Украинаға басып кіруі көрші елдің тарихындағы ең ауыр экономикалық дағдарыстың біріне әкелді, деп жазады BBC News
Ресейден газ жеткізудегі үзілістердің жиілеуі мен қысқа дайындық шарасы ретінде газға деген сұранысты азайту қажеттілігі туындады. Жеткізудегі ақаулықтар маусым айының басынан бері жүйелі түрде қайталанып отыр.
Бұл ретте энергетика министрлері газды пайдалануды ерікті түрде қысқарту туралы ортақ келісімге келді. Мәселе тамыздан наурыз айына дейін газға тәуелділікті 15%-ға азайту туралы болып отыр. Кейбір елдер үшін бұндай қысқарту айтарлықтай соққы болмайды.
Сондай-ақ жақында «Газпром» 27 шілдеден бастап «Северный поток» газ құбырының жұмысын тоқтату туралы мәлімдеме жасады. Бұл жағдай екінші рет қайталанып отыр. Алғаш рет компания Еуропаға газ жеткізуді шілденің басында тоқтатқан еді. Компания өз шешімін жөндеу жұмыстарының қажеттілігімен байланыстырды.
Қашықтықтағы жұмыскерлердің салығы Ресейге кетуі мүмкін
Ресей қаржы министрлігі жаңа заң жобасын әзірледі, деп хабарлады BBC News. Заңнамада шетелде тұрып, қашықтықтан жұмыс жасайтын қызметкерлердің табыс көзі ресейлік болып есептелетіні айтылған.
The Bell басылымының жазуынша, қаржы министрлігінің ұсынысы мақұлданса, эмигрант салықтық бейрезидент болғанның өзінде (ол үшін Ресейден тыс жерде бір жылда 183 күннен астам уақыт өткізу керек), оның ресейлік табысынан 30% көлемінде салық ұсталады.
Бұл норма соғыс басталғаннан бері Ресейден кеткен он мыңнан аса IT мамандары үшін өзекті болмақ.
Кубаға «бейбітшілік» келді
Енді Кубада ресейлік «Мир» карталарынан қолма-қол ақшаны (жергілікті песо) банкоматтардан шешіп алуға болады. Бұл туралы Куба Республикасы елшілігінің туризм мәселелері жөніндегі кеңесшісі Хуан Карлос Эскалонаға сілтеме жасай отырып, Ресей туроператорлары қауымдастығы хабарлады. Банкоматтар Гавана, Варадеро мен ірі туристік орталықтарда қолжетімді болады.
Жыл соңына дейін аталмыш банктің карталары Кубаның дүкендерінде де қолданысқа енеді деп жоспарлануда. Шенеуніктердің ойынша, қабылданған шара ресейлік туристер ағынын қалпына келтіруге көмектеседі. Қазіргі уақытта Еуроодақ пен АҚШ-тың салған шектеулеріне байланысты Ресей мен Куба арасында тікелей рейстер қатынамайды.
Наурыз айының басында халықаралық Visa және Master Card төлем жүйелері ресейлік банктермен жұмысын тоқтатты. «Мир» жүйесінің ресми сайтында көрсетілген ақпаратқа сүйенсек, ол әлемнің 11 елінде мойындалады. Оның ішінде Абхазия мен Оңтүстік Осетия да бар. Бұл тізімде Куба әлі жоқ.
Google-дің үшінші жазасы
Ресейдің федералдық монополияға қарсы қызметі Google-ға 2 млрд рубль (34,89 миллион доллар) көлемінде айыппұл салды. Алып компания YouTube-тің бейнехостинг нарығындағы үстем жағдайын теріс пайдаланғаны үшін жазаланды. Бұл соңғы бір жыл ішінде компанияға салынған үшінші айыппұл.
Ағымдағы жылдың 8 шілдесінде Мәскеудің Таганск ауданының әлемдік соты Google компаниясын Ресейде көрсетуге шектеу қойылған материалға қатысты тыйымды бірнеше рет бұзды деп айыптап, халықаралық IT алыбына 22 млрд рубльге жуық (шамамен 400 миллион доллар) айыппұл салды.
Ал мамырда сот орындаушылары Google-дан 7 млрд рубльден астам айыппұл сомасын толық өндіріп алғандарын мәлімдеді. Сондай-ақ желтоқсанда компания тыйым салынған материалды жоюдан бас тартқаны үшін тағы да жазаланды.
McDonald’s шығынға ұшырады
McDonald’s корпорациясы Ресейдегі бизнесті сатуға байланысты шығынға батқандарын жариялады, деп жазады. Компанияның есебіне сәйкес, олар екінші тоқсанда (сәуірден маусымға дейін) 1,2 миллиард долларды және 2022 жылдың бірінші жартыжылдығында (салық салынғанға дейін) 1,3 миллиард долларды құрады.
Ресейде бұл компанияның 802 мейрамханасы ашылған. Олар 1 сәуірден бастап өз жұмысын тоқтатты.
Ресей мен Украинаның қарым-қатынасы мейрамханалардың уақытша жабылуына әкелген еді. Алайда мамыр айының соңында McDonald’s Ресей нарығынан мүлдем шығып, бизнесті сатылымға қойғанын хабарлады.
Қазір жұмысын тоқтатқан мейрамханалар орнына ұқсас мәзірлі «Вкусно — и точка» атты мекемелер ашылған.