Головкин мен Альварес жекпе-жегі қалай өтті?
Барлық раундта 32 жастағы Канелоның соққылары дәлірек, қорғанысы мығымырақ болды.
Головкин-Альварес осымен үшінші рет кездесті. 2017 жылы тең түскен, ал 2018 жылы төрешілер шешімімен Альварес жеңіске жетті. Екінші жекпе-жектің нәтижесіне жанкүйерлердің көңілі толмаған еді. Головкин 2018 жылғы жекпе-жекте жеңілген соң орта салмақта (72,5 келі) WBA, WBC, IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы атағынан айырылды.
Канело сарапшылар мен букмекерлік кеңселердің пікірінше фаворит саналды.
Жекпе-жектің алғашқы 6 раундында Сауль Альварес басымырақ танытты. Ал 8-ші раундта GGG алға шықты. Бірақ сарапшылар барлық раундты Канелоға берді, дегенмен олар нокаут болатынын күткендей болды. 9-шы раундты Головкин өз еншісіне жазды. Соңғы раунда барша ел батырымызға үлкен үміт артты.
Өкінішке орай, трилогия мексикалық боксшының жеңісімен аяқталды. Бірақ бәрібір ол қазақстандықтар мен әлемдегі жанкүйерлері үшін чемпион болып қалады.
12-раундқа созылған жекпе-жекте үш төреші де жеңісті мексикалық боксшыға берді: 116-112, 115-113 және 115-113.
Сонымен Альваресте 58 жеңіс, екі тең, екі жеңіліс болды. Ал Головкин кәсіпқой бокстағы карьерасында екінші рет жеңілді. Оның еншісінде 42 жеңіс, бір тең жекпе-жек бар.
Биыл 9 сәуірде, Головкин Токиода жапониялық Рита Муратаны жеңіп, орта салмақтағы IBF, IBO нұсқасы бойынша чемпиондық атағын қорғап қалды және Муратаның иелігіндегі WBA Super белдігін алған. Головкин бұл жолы Альварестен жеңілсе де орта салмақтағы IBF, IBO және WBA Super тұжырымдары бойынша әлем чемпионы болып қала береді. Себебі Головкин-Альварестің үшінші кездесуі екінші орта салмақта болды.
Жекпе-жектен кейін GGG спорттағы мансабын әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді.
Менің көздеген қарсыластарым көп. Канелоны құттықтаймын, бокс жанкүйерлерінің барлығын құттықтаймын. Естеріңізде болсын, менде орта салмақтағы үш белбеу бар! Мен қайтып ораламын! Мен әлі де чемпионмын!
деді GGG.
Мемлекет басшысы Геннадий Головкинге қолдау көрсетіп, телефон шалды.
Президент GGG Қазақстанды әлемдік аренада танымал ету үшін зор үлес қосқанын ескерді.
Сен жанкүйерлер үшін әлемдегі және еліміздегі ең үздік ұлттық чемпион болдың және чемпион болып қала бересің. Біз сені мақтан тұтамыз,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Головкин барлық қазақстандықтарға, қолдау көрсеткен жандарға рахмет айтқан видеосын трилогиядан кейін өзінің инстаграм парақшасына жариялады.