Конгресс орталығында форумның пленарлық отырысы басталды.
Астана халықаралық форумына қош келдіңіздер!
Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді.
Геосаяси қиындықтарға қарамастан, Қазақстан Орталық Азияда да экономикалық локомотив қызметін атқарып отыр.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шетелден кең көлемде инвестиция тартуды және Қазақстанда бизнес жүргізу үшін барынша жағдай жасайтынын айтты.
Қазақстан бұрыннан Шығыс пен Батыстың, Солтүстік пен Оңтүстіктің арасындағы алтын көпір саналады. Көп жағдайда бұл форум ұлы Еуразия даласының мәдениетіне, тарихына сай келеді. Біз осынау мұрамызды мақтан тұтамыз. Дәл осы үздіксіз тауар, мәдени жетістіктеріміз бен идея алмасу арқылы Қазақстанның өзіндік ұлттық бірегейлігі және оның ерекше көпжақты ынтымақтастыққа негізделген бренді қалыптасты,
деді Президент.
Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев экологиялық апаттың алдын алу туралы айтты.
Аймақтағы екі үлкен өзен — Сырдария мен Әмудариядағы су деңгейі 2050 жылға қарай 15 пайызға түседі. Біз аймақтағы экологиялық апаттың алдын алу үшін Халықаралық Аралды қорғау қорын қолдауға көбірек қаржы бөлуге шақырамыз. Су мен климаттың өзгеру мәселесі өзара тығыз байланысты. Орталық Азия – су қауіпсіздігін сақтау тығыз әріптестік және бірлескен тиімді шараларды жүзеге асыру арқылы ғана шешілетін аймақ. Аймақтағы климат және өзге де мәселелерді талқылау үшін мен Алматыда Орталық Азия елдерінің жобалық кеңсесін құруды және БҰҰ секілді халықаралық ұйымдарды тарта отырып, 2026 жылы Қазақстанда Аймақтық климаттық саммит өткізуді ұсынамын,
деді Тоқаев.
Сөз соңында CNN журналисті, форум модераторы Ричард Квесттің сұрағына жауап берді.
Модератор: «Президент мырза, Сіз делегаттар мен қатысушыларды диалогқа шақыратын ашықтық пен төзімділік туралы айттыңыз. Жалпы, Форумның сәтті өтуіне қатысты көзқарасыңыз қандай?»
Меніңше, біз қазіргі проблемалардың, адамның өміріне қауіп төндіретін мәселелердің мәніне тереңірек үңілуіміз керек. Шын мәнінде, әлемдегі қарапайым адамдардың өмірі қиындай түсті. Біз, ең алдымен, мұны мойындауымыз керек. Екіншіден, біз атышулы мәселелерге ғана назар аудармауымыз керек. Біз осы шеңберден шығып, бәрімізді біріктіретін мәселелер туралы айтуға тиіспіз. Қысқаша айтса, осы мәселелерді шешуіміз керек. Менің көзқарасым бойынша, диалог пен пікір алмасу және сіз айтқан әділдік текетірестен, соғыс пен қақтығыс идеологиясынан жоғары тұруға тиіс!