Елде қып-қызыл экономикалық «соғыстар» жүріп жатыр. Депутаттар қарсылықтың көптігіне қарамастан вейп темекіні сатуға қарсы заңды қабылдады, алайда салықты, жұмыссыздықты сылтауратқан монополистер әлі тартысып жатыр. Былтыр төлеген 18 млрд салықты салмақ қылып көлденең тартып келеді.
Мейілі, қанша млрд төлесе де жастардың денсаулығынан артық емес. Ауру адамды емдеуге кетер ақша оны он орайды, сондықтан электронды темекіге Түркия сияқты толық тосқауыл қою керек.
Тағы бір экономикалық теке-тіресті шағын қаржы ұйымдары бастады. Олар да барынша қарсыласып, Үкіметтің жоспарына кедергі келтірудің қамына кіріскен. Ертең кезекті баспасөз конференциясын өткізбек. Халықты жоғары пайызбен кредитке, қарызға батырып келе жатқандар да осы шағын қаржы ұйымдарды. Кемінде 32-33% басталып, 50% асып түсетін кредитті еріксіз алып, оны төлей алмай жүрген, төлесе де жоғары пайызынан құтыла алмай келе жатқан адамдар миллиондап саналады. Оны да билік, Ұлттық банк біліп отыр және онлайн кредит беруді, шағын несие ұйымдарының жұмыстарын жөнге салуды реттеп көрмек.
Дұрыс, қанша жерден қарсылық болса да кредиттің «қорасында» жүрген халықты тығырықтан шығару, тосқауыл қоюдың жолы- қатаңдату, реттеу. Жойып жіберу де артық болмайды.
Тіптен елге, ұлттық өнерге, тілге жанашыр ретінде танылып, шындығында мына жағында жоғары пайызбен кредит беріп, жастарды шырылдатып жатқан несие ұйымдары да бар. Ұлтқа шын жанашыр болса жастарды жоғары пайызбен қораға тықпас еді.
Микрокредит беруді қолдап, осы арқылы мол пайдаға кенеліп келе жатқандар тағы атакаға шықпақ.
Әмірболат Құсайынұлы