Қызы демей, келіншегі демей жаппай «хиджаб» кию сәнге айналды. Әуелде бастарына жаулық салып, жерді сыза ұзын көйлек киген қыздарды көрген кезде жатырқай қарағанымыз рас. Дін жолында жүрген болар деп, оған де етіміз үйренді. Бұл бара-бара жастар арасында сәнге айналды. Тек біздің елде ғана емес, хиджабқа деген «мода» еуропаны жаулап алды. Оған ғаламтордағы өздерінің хиджаб киген суреттерін елдің назарына ұсынып жүрген белгілі «жұлдыздар» куә. Хиджабтың түр-түрі сатыла бастады. Бірақ хиджаб – арабтың киімі. Біз араб емес, қазақ емес пе едік?
Қазақ әйелдері ешқашан шаштарын жайып, жалаңбас жүрмеген. Егер шашын жайса, үйінде бір қайғылы оқиға болған деп түсінген. Олар үшін шашты жинап, орамал тағу – тазалықтың белгісіндей қабылданған. Бізде ұлттық киімді әлеуметтік статусына қарай киген. Сол киімдердің түр-түсіне, оған салынған ою мен кестелеріне қарап, қай жақтың тумасы, қай рудың адамы екені ажырататын болған. Ал жаулыққа қарап, әйелдің жасын білген. Кимешектің кестесіне қарап, бала санын білген. Ал ер адамдарды бас киіміне қарап ажырататын болған.
Кішкене кезінен қыздарға жай тақия кигізсе, одан кейін үкілі тақия киген. Қазақтар үкіні қасиетті құс санайды. Оның қауырсынын тіл-көзден сақтану үшін қолданған. Тіпті ұзатылып бара жатқан қыздың басындағы сәукелеге, шымылдығына таққан. Қыз өз жұртына келін болып түскен соң, өзінің жолын берсін деген ниетпен басындағы үкісін өз сіңлісіне берген.
Қазақтың әйелдері жасына қарай кимешек киген. Қыз бала дүние келген соң, шашын екі бұрым қылып өріп, бес жасына дейін тақия киіп жүрген. Ал 13 жасқа дейін тақиясына үкі тағып қойған. Ал ұзатылатын кезде қызға сәукелені кигізуді аспандағы аруақтармен байланыстырады. Үйінен қыз сәукелесін киіп аттанған соң, құда болған екі жақтың ата-бабалары аспанда табысады деп есептелген. Бір балалы болғанға дейін орамал тақса, одан кейін кимешек киген.
Кимешектің тарихи әрі саяси сыры болған. Екі тайпа жауласқанда өзара бітімге келе алмағанда ақ жаулықты аналар араша түсіп, кимешектің үстіндегі жаулығын сыпырып алып, ортаға тастағанда, жауласқан екі жақ одан аттап кете алмаған.
Әйел бас киімінің ғұмырнамасы:
- 3 жас (нәресте, сәби) – ит тақия, сырма, кепеш тақия;
- 5 жастан шыт тақия – сырға тағар («қыздың сүндеті»);
- 7-13 жас – үкілі тақия, тепеш, жұрынды бөрік (төрт сай, шошақ төбелі) топы, көз тәті, үлбірлі үкілеген жаннат бөрік;
- 13-тен кейін (бір мүшел) отау иесі – сораба, жанатпен жиектелген қауырсын қадаған дәрежелі қарқара бөрік;
- 25 жас (екінші мүшел) – сәт құндызды салтанатты тәж сәукеле, зерленген шашақты қасаба;
- 37 жас (үшінші мүшел) – кимешек. Кимешекке қосымша бөлшектердің атаулары: шылауыш, бұрмаша жаулық, сәлде, күндік, құндық бөрік, шыт байлама, желек, салы (шәлі);
- 49 жаста (төртінші мүшел) сән – салтанаты биязылау кимешекке қатысты қосымшалардың бәрін қолдануға болады;
- 61-73 жас аралықтары кейуана деңгейіне жатады. Бұл кезеңде баскиімнің жеңілдеу жалаң кимешек, иекше, байлауыш түрлерін киген лайық.
Қазақ әйелдері ешқашан жалаңбас жүрген жоқ. Кигің келсе, қазақтың әдемі кимешегін неге кимейсің? Қазақтың кимешегіндей сұлу бас киім жоқ деуге болады,
Бауыржан Момышұлының келіні, ұлт анасы Зейнеп Ахметова.
Түркия мен Араб елі Қазақстанға ырза шығар. Осы екі елді әлгі сайқымазақтар мен әншілер жарнамалап әбден байытты. Хиджапқа оранып алып әндетіп, одан қалды түпсаналарын оятамын деген психологсымақтары елді адастырып болды. Соларды еліміздің сатқындары дер едім! Себебі, елін ойласа, қаржыны миллиардтап сыртқа шығармай елдің ішіне салар еді ғой. Өзбек ағайындар мен қырғыздарды қараңыздаршы, шет елде жұмыс жасайды да, сол тапқан табысын елге әкеліп жұмсайды. Ал біздің қауақбастар кері жүреді,
журналист Бибігүл Дәулетбекқызы.
Біздің Қазақстанның климаты қыс, көктем, жаз, күз болғандықтан қазақ киім үлгілеріне бай ұлт. Хиджаб деп қақсағандар қақаған қыста қағымен қатып қалмасаң, қыста неге бөрік киіп жүрсіңдер? Арабтың тек жазда құм дауылына киетін хиджабын мұсылман қазақтың тарихында болмаған ұлттық киім атауына қыстырмаңдар,
дәстүрлі қазақ әншісі Айгүл Елшібаева.
Қазақ – мұсылман халықтардың бірі болғандықтан, ежелден әйел заты етек жеңін жинап, жауып жүрген. Дәл бүгінгідей ашық-шашық киім киген емес. Алайда дәл қазақ халқы секілді ұлттық мәдениетін жоғалтқан халық жоқ. Қазақтың бойына біткен еліктегіш қасиет ұлттық құндылықтарға, ұлттық киімге деген қызығушылықты жойып жіберді десе болады. Мысалы, өзбек, түрікмен ағайындарды алсақ, ұлттық киімге деген құрметтерін жоғары сақтаған. Ал қазақтың өзінің ұлттық киімі қолға алынбай, ұмыт қалғандығынан діндар отбасындағы қыз-келіншектер етек-жеңін жабу үшін арабтың киіміне қол созды. Хиджаб — қазақ тарихында болмаған нәрсе. Ұлттық идеологияның болмауы араб киімінің қазақтың күнделікті өміріне енуінің басты себебі болып отыр. Хиджаб пен қазақтың ұлттық киімінің атқаратын қызметі бір. Бірақ хиджаб – арабтың киімі. Ал қазақтың өзіне жарасымды киімдері жеткілікті. Тек оны дұрыс қолдана білу керек. Ал қыз-келіншектеріміз арабтың киімін киіп, адаспаулары үшін, өзіміздің ұлттық кимідерді ұсынуымыз қажет пе? Сіздер қалай ойлайсыздар?