Хиджаб тағуға рұқсат берумен мәселе шешілмейді.
Кешелі бері білім- ғылым министрінің мектепте хиджаб тағуға рұқсат беру ниеті қызу талқыға түсіп жатыр. Министр хиджаб мәселесін ұзақ уақыттан бері айналып өтуге тырысып жүрді, алайда қысымға шыдамаған сияқты.
Қоғам пікірі екіге жарылды. Рұқсат беруді қолдайтындар көбіне арабқұлдар мен дінге бүйрегі бұратындар. Алайда бұл жерде біз ескермейтін бір мәселе бар.
Хиджаб айсбергтің ұшы ғана. Оған рұқсат берумен мәселе шешілмейді. Бүгін стратегиялық шегініс жасап хиджабқа рұқсат бердік делік. Ертең не болады? Рұқсат берген күннің ертесіне-ақ мектептегі 10 қыздың 8-9-ы оранып келеді.
Діни лоббистер бұған дайын отыр. Үшінші күні мұғалімдердің хиджаб киюін талап ете бастайды. Кимегендерінің сабағына қатысудан бас тартады. Содан соң не болмақ? Мұғалімдер онсыз да көнбіс халық емес пе? Директер талап еткен соң бәрі де хиджабқа оранады. Бас тартқандарын жұмыстан шығарады.
Төртінші күні ұлдар мен қыздарды бөліп оқыту мәселесін көтереді. Бесінші күні оқу мазмұнына ауыз салады. Ағылшын, орыс тілдерін оқымаймыз, араб тілін оқимыз. Биология, химия, физика керек емес, шариғат негіздерін оқимыз деген сияқты талаптарды қоя бастайды.
Сөйтіп айналасы бір аптада зайырлы білім жүйесін жояды. Осыдан соң келіспейтін ата-аналар балаларын қазақ мектебінен алып орыс мектебіне бере бастайды. Осылайша бір ғана хиджабқа рұқсат беру арқылы қазақ мектебін өз қолымызбен жоямыз.
Мұндай жағдай өткен ғасырдың 60-70 жылдары Алжир, Сирия, Иран, Ауғанстан, Пәкістан сияқты елдерде де болған. Билік қысымға шыдамай хиджабқа рұқсат беріп, ақыры бүкіл қоғамның радикалдануына алып келді.
Оралбек Бей Өтеғұлов жазды.