Иранның шахмат федерациясының басшысы Хасан Тамини Алматыда өткен рапид пен блиц бойынша әлем чемпионатында өнер көрсетіп жүрген 25 жастағы Сара Хадем Иран елінің атынан шықпағанын айтты. Мұндай мәлімдемені ол шахматшы турнирде хиджабсыз өнер көрсеткеннен кейін жасады. Бұл туралы Сауд Арабиясының бұқаралық ақпарат құралдары Arab News Ислам революциясының қамқоршылар корпусының бақылауындағы Иранның Fars ақпарат агенттігіне сілтеме жасап хабарлады.
Хадем чемпионатқа Иран Федерациясы атынан емес, өз бетінше және өз есебінен барды. Ол біздің еліміздің атынан өнер көрсеткен жоқ. Бірақ шахматшының мұндай әрекет күтпеген жаңалық болды, өйткені ол алдыңғы турнирлерге барлық стандарттарға сай қатысатын,
деді Хасан Тамини.
Естеріңізге сала кетейік, ирандық шахматшы Сара Хадем Қазақстанда өтіп жатқан блиц бойынша әлем чемпионатының басты назарында болды. Сара турнирге Иран билігі киюді талап ететін мұсылман орамалын кимей қатысты.
Ирандық әйелдердің хиджаб киюі міндетті болып саналады. Биыл Иранда осыған байланысты көптеген наразылықтар болды. Олар қыркүйекте ирандық әдет-ғұрып полициясы хиджабты дұрыс кимегені үшін ұстаған 22 жастағы Махса Аминидің полиция бөлімшесіндегі өлімінен кейін туындады.