Иран билігі 22 жастағы белсенді Махса Аминидің қазасы туралы бірінші болып мақала жазған екі журналисті «мемлекетке сатқындық жасады» және «АҚШ арнайы қызметіне жұмыс істеді» деп айыптады. Иран заңы бойынша олар өлім жазасына кесілуі мүмкін. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Журналист Нилуфар Хамеди бірінші болып Махса Амини жатқан ауруханадан хабар таратқан. Ал Элаэ Мохаммади марқұмның жерлеу рәсімінен репортаж жасаған.
Қауіпсіздік күштері екі журналисті жаппай наразылықтан кейін бірнеше күн өткен соң ұстаған. Олар саяси тұтқындар отыратын Эфин түрмесінде болуы мүмкін.
Иран арнайы қызметі елдегі наразылық акцияларын «ЦРУ, Моссад және өзге де батыс барлау ұйымдары ұйымдастырып жатқанын айтып, екі журналисті «ЦРУ агенттері» деп мәлімдеді.
Иранда наразылық басталғалы бері 40-тан астам журналист ұсталған. Қамалмаған журналистер британдық The Guardian басылымына арнайы қызметтің өздерін үнемі аңдитынын, телефондарын тыңдайтынын және жазғандарын бақылайтынын мәлімдеген.