Иран соты «Басидж» жасақтарының бір мүшесіне топпен шабуыл жасады деп айыпталған наразылық білдірушілерге үкім шығарды. Айыпталушылардың бесеуі өлім жазасына кесілді, ал қалғандары 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Associated Press Иранның IRNA ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Тергеушілердің мәліметінше, 12 қарашада Тегеран маңындағы Карадж қаласында наразылық білдірушілер тобы «Басидж» мүшесі Рухолла Аджамианға шабуыл жасаған. Қашып бара жатқан қауіпсіздік қызметкерін бір топ адам қуып жетіп, оны таспен және пышақпен өлтірген.
Іске барлығы 16 айыпталушы қатысып отыр, оның үшеуі — кәмелетке толмағандар. Иранның революциялық соты 18 жастан асқан барлық айыпталушыны айыпты деп таныды: өлім жазасына кесілген бес адамнан басқа, сегіз наразылық білдіруші де 25 жылға дейін бас бостандығынан айырылды. Иранның қылмыстық соты кәмелетке толмағандардың ісін қарады, олар да қамалды.
Революциялық сот өз үкімін дүйсенбі, 5 желтоқсанда шығарды. Журналистердің хабарлауынша, шешімге апелляция шағымын түсіруге болады.
Бұған дейін Иран билігі шеруге қатысқан алты адамды өлім жазасына кескені туралы ақпарат тараған еді.