Иран билігі елдегі наразылық қозғалысына қолдау білдіріп, көпшілік алдында хиджабын шешкен екі танымал актрисаны тұтқындады. Бұл туралы The Guardian хабарлады.
Иранның мемлекеттік IRNA ақпарат агенттігінің хабарлауынша, Хенгаме Газиани мен Катайун Риахи әлеуметтік желідегі «араңдатуға әкелетін» жазбаларын тексеру үшін прокуратураға шақырылған соң ұсталған.
Ирандағы жаппай наразылық хиджабты дұрыс кимегені үшін полицейлер ұстаған 22 жастағы Махса Аминидің өлімінен кейін басталды. 19 қарашада Газиани Instagram желісінде хиджабты шешіп жатқан видеосын жариялады.
Бұл менің соңғы жазбам болуы мүмкін. Бұдан былай маған не болса да, біліңіз, мен әрқашанда соңғы демім қалғанша Иран халқымен біргемін,
деп жазды ол.
Ал бұған дейін бір апта бұрынғы жазбасында актриса Иран билігін 50 баланың өліміне айыптап, «балаөлтіруші» деп атады.
Иранның мемлекеттік ақпарат құралдары оның «елдегі тәртіпсіздікті қоздырғаны және қолдағаны» және оппозиция БАҚ өкілдерімен байланысқаны үшін қамауға алынғанын хабарлады.
Кейінірек екінші актриса Риахи сол тергеу аясында қамауға алынды, деп хабарлайды IRNA.
Бірқатар фильмге түскен әрі марапатқа ие болған актриса лонондық халықаралық Ирандық арнаға хиджабсыз сұхбат береді. Онда ол елдегі жүйені жек көретінін айтқан. Осылайша, ол Махса Амини қайтыс болғаннан кейін Иранды шарпыған наразылықтармен, сондай-ақ хиджаб киюге міндетті түрде қарсылық білдірді.
Айта кетейік, Иран билігі жаппай наразылыққа шыққан алты адамды өлім жазасына кесті. Оған қоса бейбіт тұрғындарды, спортшыларды, журналистерді ұстады.