Норвегияда орналасқан ирандық адам құқықтары жөніндегі ұйымның (IHR) мәліметтері бойынша, Иран үкіметінің саясатына қарсы шыққан 100 адам өлім жазасына кесілген. Сот үкімімен өлім жазасына кесілгендердің ішінде бес әйел бар, деп хабарлайды Azattyq Ruhy агенттігі BBC-ге сілтеме жасап.
Адам құқықтарын зерттеу ұйымдарының сөзіне сүйенсек, іс жүзінде өлім жазасына кесілгендердің саны әлдеқайда көп. Бірақ олардың отбасы, жақындары озбыр биліктің әрекетінен қорыққандықтан үнсіз қалып, жақындарының өлім жазасына кесілгенін айтпайды.
Желтоқсанда екі жас ирандық Мохсен Шекари мен Мажидреза Рахнавард шеруден кейін өлім жазасына кесілді. Революциялық сот оларды «Аллаға қарсы соғысқа» кінәлі деп тапты. Сот ұстанымынша, жастар «ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндіреді».
Иранда Махса Аминидің қайтыс болуына себеп болған биліктің діни диктатына қарсы наразылықтар жүз күннен астам уақыт бойы жалғасып келеді. Билік бұл наразылық акцияларын сырттан ұйымдастырылған бүлік ретінде көрсетуге тырысты және халыққа қарсы қару қолдана бастады. Соның салдарынан Иранда кем дегенде 476 адам, оның ішінде 64 бала мен 34 әйел қайтыс болды. Сейсенбіде жарияланған құқық қорғаушылардың есебін негізге алған журналистердің хабарлауынша, өлім жазасына кесілген жүз адамның есімдері аталған.
Өлім жазасына кесілгендердің бәрі адвокаттарға қол жеткізу құқығынан, тиісті құқықтық рәсімнен және әділ сот талқылауынан айырылғаны атап өтілді.
Өлім жазасына кесілгендердің арасында 22 жастағы Мұхаммед Гобадлу да бар. Жоғарғы сот оны өлім жазасына кесу туралы үкімді күшінде қалдырды.
Amnesty International адам құқықтарын қорғау ұйымы Гобадланы азаптаған немесе оған қатыгездік көрсеткен болуы мүмкін деп күдіктенеді. Өйткені сотталушының қолы, шынтағы көгеріп, иығынан ауыр жарақат алған.