Неаполь шығанағы маңындағы аралда нөсер жаңбыр салдарынан көшкін түсіп, құтқарушылар жеті адамның мәйітін тапты. Бұл туралы Deutsche Welle хабарлады.
Қаза тапқандар арасында сәби, 6 және 11 жастағы екі бала бар. Бес адам із-түзсіз жоғалғандар тізімінде. Аралда төтенше жағдай жарияланды, құтқару жұмыстары түні бойы жалғасады.
Неаполь префекті Клаудио Паломбаның хабарлауынша, апат салдарынан 230 адам үйлерінен көшірілді.
Көшкін 27 қараша таңертең қатты жаңбыр салдарынан болған. Метеорологиялық қызметтердің мәліметінше, аралға 120 мм жауын-шашын түскен.
Италияның ішкі істер министрі Маттео Пиантедоси жағдайды «өте ауыр» деп атады. Оның айтуынша, ауа райының қолайсыздығына байланысты іздестіру-құтқару жұмыстары қиын. Италия үкіметі төтенше жиында аралда төтенше жағдай жариялап, табиғи апат салдарын жоюға 2 миллион еуро бөлді.