Ресейдің Ижевск қаласында белгісіз біреу мектепте атыс шығарды, деп хабарлайды «Известия» басылымы.
Басылым мәліметінше, оқиға 26 қыркүйекте Ижевскідегі №88 мектепте болған. Қара костюм киген белгісіз ер адам сабақ кезінде оқ жаудыра бастаған. Ал мектеп директоры зардап шеккен жасөспіріммен бірге кабинетке тығылып үлгеріпті. Оқушылар мен мұғалімдер эвакуацияланды.
Атыстан 13 адам қаза тапты. Оның ішінде 7 оқушы. Тағы 14 бала мен 7 адам жарақат алды. Зардап шеккендердің басым көпшілігі – 1-сынып оқушылары.
Алдын ала мәлімет бойынша, қылмыскер оқиға болған жерде төртінші қабаттағы № 403 кабинетте өз-өзін атып тастады деген ақпарат бар.
Мектеп Ижевск қаласының орталығында, қалалық әкімшілік ғимаратының жанында орналасқан. Білім ордасында 982 оқушы оқып, 80 мұғалім жұмыс істейді.
Удмуртияда 29 қыркүйек қаралы күн деп жарияланды.