Өткен аптада әлеуметтік желілердегі қазақ аудиториясы «Ұйқым келмейді» әні мен орындаушысын, «Базз лайтер» мультфильмінің Қазақстанда көрсетіліміне тыйым салған Дәурен Абаевты және костюм-шалбарды бұрындары гейлер киген деп мәлімдеме жасаған уағызшыны жаппай сынады.
Өткен аптада Алина Шакиева есімді орындаушының «Ұйқым келмейді» бейнебаяны халық арасында резонанс тудырды. Тіл жанашырлары орындаушының акцентіне, ән сөзінің жұтаңдығына сын айтса, музыканттар мұндай орындау тек жеке отырыстар мен ағайын-туыс арасында қалуы керек, ал білдей музыкалық арна бейнебаянды қабылдап, ротацияға жіберуі кәсібисіздік деген пікір айтты. Ал бір топ Шакиеваның Ресейден келген қандас екенін ескеріп, тілінің шорқақтығын мазақтамай, керісінше түсіністік білдіру керек десті. Дегенмен, әлеуметтік желілердегі шудың арқасында Алина Шакиева бір күнде танымал болып, арнаның Youtube желісіндегі бейнебаяны миллионнан астам қаралым жинады.
Тағы бір көптің талқысына түскен инцидент – Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың Қазақстан аумағында «Базз лайтер» мультфильмінің көрсетіліміне тыйым салуы. Айта кетейік, бұған дейін режиссер Нұртас Адамбай бастаған белсенді топ аталмыш мультфильмдегі екі қыз кейіпкердің сүйісу көрінісін сынап, өскелең ұрпақтың санасына теріс әсер етеді деген желеумен көрсетілімге тыйым салуды сұраған. Белсенді топтың петициясы жиырма бес мыңнан астам дауыс жинады. Министр мультфильмнің көрсетіліміне осы петицияны ескере отырып тыйым салған. Бұл орыс тілді де, қазақ тілді де аудиторияның ашуын тудырды. Көпшілік бұл шешім еліміздің цензура туралы заңдарына және зайырлы мемлекет туралы заңдарына кереғар деген пікірде. Және көпшілік осындай кішігірім тыйымнан біртіндеп Ауғанстан сияқты ислам мемлекетіне, болмаса адамның таңдау құқығы қорғалмайтын мемлекеттерге айналып кетеміз бе деген алаңдаушылығын білдірді. Наразылыққа толы жазбалар мультфильмді көрсетуге тыйым салуды ұсынған Нұртас Адамбайдың атына да, оны іске асырған Дәурен Абаевтың да атына жазылып жатыр.
«Костюм-шалбар — көгілдірлердің киімі» деп мәлімдеген уағызшының сөзі желіні тағы бір шулатты. Уағызшы костюм-шалбардың шығу тарихына тоқталып, костюмнің артындағы тілікке тоқталады. Оның пікірінше, бұл еркектерді сексуалдық қарым-қатынасқа шақыру белгісі. Көпшілік имамды сынап, «ендігі ерлер тек ақ матаға оранып, ал әйелдер паранжа киюі қалды» деген сыңайдағы сарказм пікірлер жазып жатыр. Кейін ҚМДБ өкілдері бұл бейнероликке қатысты пікір білдіріп, оның ешқандай да имам емес екенін, белгісіз адам екенін айтқан.