Мемлекет басшысы белгісіз адамдар тарапынан қудалауға ұшыраған қазақстандық журналистердің ісіне қатысты арнайы тапсырма берді.
Айта кетсек, журналистер қудалануына қатысты тиісті органдарға жүгініп, өтініш жолдаған. Хатта YouTube желісіндегі ElMedia арнасының редакторы Гүлжан Ерғалиева мен Orda.kz порталының бас редакторы Гүлнар Бажкенованың үнемі психологиялық шабуылға және белгісіз адамдар тарапынан қорқытып-үркіту әрекеттеріне ұшырайтыны жазылған. Сонымен қатар құқық қорғаушылар 2022 жылдың шілдесінде Атырау қаласында «Дорожный контроль» ақпараттық порталының тілшісі Олеся Вертинскаяның соққыға жығылғаны туралы оқиғаға назар аударуды сұраған.
Аталмыш өтініш қарастырылатын болады. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай мәлім етті.
Президенттің атына жолданған әйел-журналистерді қорғау туралы өтініш назарға алынды. Бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне қатысты заңға қайшы әрекеттер жасаған адамдарды жауапқа тарту үшін болған оқиғаларды тергеу тиісті мемлекеттік органдарға тапсырылды,
деп жазды ол Facebook-парақшасында.