Енді күйеуінен таяқ жеген әйелдер арыз жазбаса да, еркек жазаланады. Мұндай еркектерге бұған дейін әкімшілік ескерту беріліп келген болса, енді олар көше сыпыруы мүмкін.
Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйектегі Жолдауында құқық қорғау органдарының алдына нақты міндеттер қойған еді. Енді тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты заң күшейтіледі. Егер отбасылық зорлық-зомбылық фактісі тіркелсе, жәбірленуші мен оған зәбір көрсеткен адамның бір-біріне кім болатыны маңызды болмайды. Яғни, күш көрсетуші жазасын бәрібір алады.
Осыған орай отбасылық зомбылықтар бойынша қамауға алу мерзімінің шегін белгілеу жоспарлануда. Бапта қамауға алу 5 тәуліктен басталады. Егер қайталанған жағдайда 20-дан 25 тәулікке дейін қамалады. Жәбірленуші арыз жазбаған болса да, абьюзер жазаланады. Құқық бұзыушылық қайта орын алған кезде екі жақ татуласа алмайды. Яғни дебошир құрбанына психологиялық және физикалық тұрғыдан «арызыңды қайтарып ал» деп қысым жасай алмайды.
Бізде шошытарлық статистика бар. Жыл басынан бері 35 мың адам отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылған. 3,5 мың құқық бұзушы жауапқа тартылған. Арыз жазбаған әйелдер қаншама?
Ішкі істер министрі абьюзердің енді тек әкімшілік ескертумен қашып құтыла алмайтынын айтты. Енді олар қоғамдық жұмыстарға тартылады.
Әйеліңізді ұрдыңыз ба? Көше сыпырыңыз. Өз мінез-құлқыңызды бақылау үшін күшті мотивация!