Белгілі қаржыгер Расул Рысмамбетов Jusan Bank айналасындағы дау-дамайға қатысты пікір білдірді. Бас прокуратура Назарбаев Университетінің талап-арызы негізінде банктен қаражатты қайтаруды сұраған еді.
Өзінің Facebook желісіндегі парақшасында сарапшы Jusan-нан ақшаны шешіп алуға қатысты өз ойымен бөлісті.
Жағдай бақылауда ма?
Бастапқыда ақшаны «Жусанда» қалдыруға болады. Банк ҚДКҚ кепілдігімен қорғалған. Егер миллиардтаған ақшаларыңыз болса, ондай ақшаны депозитте сақтамай, инвестициялаған дұрыс. Өкінішке орай, теңгені – жинақтау және байлықты арттыру валютасы деп айта алмаймыз. Соған қарамастан, нарықтан немесе бас прокуратурадан тікелей қауіп төніп тұрған жоқ. ҚНРДА банктің өтімділік талаптарын сақтауын мұқият қадағалайды.
Теңге проблемасы – біздің экономиканың, инфляцияның және қазіргі әлемдік жағдайдың проблемасы. Бас прокуратура атаған проблемалар «Жусанға» және оның қазіргі акционерлері – FHS-қа (first heartland securities, алайда бірінші F әрпін көргенде ойға бірден ағылшынның жаман сөзі келеді екен) қатысты емес.
«Жусан банктен» шығып америкалық трасттарда қалып қойған ақшаның банктің қазіргі өтімділігіне қатысы жоқ. Банкте ақша бар.
Генералдың сөзі – оқ
Мен Бас прокуратура мен ҚНРДА-не мұндай «SMS-шабуылдар» туралы алдын-ала келісіп алуды ұсынар едім, әйтпесе сөздердің дәлсіздігі мен мәселенің екіұштылығы кез-келген адамға зиянын тигізуі мүмкін.
Бұл жағдайға қатысты менің білуімше (ал мен жазғанымнан сәл көбірек білемін), қазір азаматтық-құқықтық сипаттағы үйреншікті процесс жүріп жатыр. Бір қызығы, ақшаны америкалық трастқа аударған кезде оны Қазақстанның заң жүйесінің заңдылығы мен сенімділігіне жауапты адамдар жасаған. Өздерінің құрған жүйелеріне қарағанда, тәуекелге бармай, ақшаны шешіп алуды жөн көрген секілді. Бірақ «Жусанның» жағдайы жаман емес. Әрине, стратегиясы мен менеджментіне қатысты сауалдар бар, аса ірі корпоративтік «Халық банкі» мен жетекші бөлшек банк «Каспи» бар жүйеде өз банкіне қолданыс табу оңай іс емес.
Негізінде, «Жусан» холдингінің қаражаты Назарбаев университетін қаржыландыруға да арналған. Біз айтарлықтай элиталық, ТМД-да теңдесі жоқ университет құрдық деп ойлаймын. Менің ойымша, оны жауып тастаудың өзі біртүрлі болады. Ал Назарбаев мектептері – Қазақстандағы көптеген мектептерге үлгі болып табылады, әрбір оқушы сондай мектепте білім алуға лайықты. Әрине, білім сапасын сақтай отырып, олардың құнын оңтайландырған дұрыс болар еді.
Сол себепті – банктерге «шабуылдаудың» қажеті жоқ. Жаңарып келе жатқан Қазақстанның мемлекеттік органдарын сөздерді талғап сөйлеуге шақырамын. Бір генерал кетті, екіншісі келді – ал банктер ғасырлар бойы жұмыстарын жалғастыруға құқылы. Сондықтан тым болмағанда оңжылдықтар шеңберінде ойланайық».
Депутат Ирина Смирнова да бұған сенімді — «талап-арыз Jusan Bank-тің жұмысына тікелей қатысты емес және оның қазіргі кәсіпкерлік қызметін, сонымен қатар банктің өз клиенттерімен және серіктестерімен қарым-қатынасын еш шектемейді» дейді. Дегенмен…әліптің артын бағайық.