2022 жылғы 18 қазанда Қызылорда және Арал қалаларында өңірлік ұйымдасқан қылмыстық топтың 32 қатысушысы ұсталды. Бұл туралы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.
Топтың әр мүшесінің өзіне жүктелген міндетіне қарай нақты құрылымы қалыптасқан. Қажетті шешімдерді тұрақты түрде өткізіліп тұратын «жиналыстарда» қабылдап тұрған,
делінген хабарламада.
Ұсталғандардың қатарында трансұлттық қылмыстық ұйымдардың топ басшыларына бағынышты және солардың атынан әрекет етіп, Қызылорда облысының қылмыстық иерархиясында белгілі бір дәрежеге ие болғандар бар.
Олардың тұрғылықты мекен-жайлары бойынша қарудың бірнеше түрі, «ұрылар кассасының» сметасы, есірткі заттары, сонымен қатар тергеу үшін қызығушылық тудыратын өзге де заттар мен құжаттар алынды,
делінген хабарламада.
Қолға түскендер қылмыстық топ құру, басқару және қаражаттандыру, бопсалау сынды ауыр қылмыстар жасады деген күдікке ілінген.