Ұлттық қауіпсіздік комитеті есірткімен айналысатын топтардың қылмыстық жолмен келген қаржыларын «тазарту» мақсатында қолданатын криптоалаңды анықтау және бейтараптандыру бойынша алғашқы арнайы операциясын жүргізді. Бұл туралы ҰҚК баспасөз қызметі хабарлады.
Операция 2022 жылғы қаңтарда Қазақстанның, Өзбекстан мен Ресейдің «есірткі нарығын» психотроптық заттармен қамтамасыз етіп отырған жасырын есірткі лабораториясын жоюдан басталды.
Заңсыз айналымнан есірткінің рекорд партиясы – 188 келі «мефедрон» алынды,
делінген хабарламада.
Арнайы қызмет қылмыстық капиталды Қазақстаннан тыс шығару және оны «тазарту» схемаларын анықтау бойынша шараларды қолға алды. Ақша аударымдары қаржылық айналымда қажет деңгейде айқындалмаған криптовалютада жүргізілгені қиындықтар тудырғанын атап өту қажет.
ҰҚК қылмыстық тізбектің барлық қатысушысын анықтау арқылы, «биткойндарды» қолма қол ақша қылатын криптоақша айырбастау орнын тапты. Бұл ұйым Алматыдағы әртүрлі ақша айырбастау орындарының қызметкерлері арқылы ақшаны қолма қол беріп отырғаны белгілі болды,
делінген хабарламада.
Нәтижесінде қылмыстық схема ұйымдастырушы мен оның жақтастары ұсталды.
Мемлекет кірісіне қылмыстық топтардың есірткі іс-әрекетінен тапқан криптовалютадағы 68 млн теңге өткізілді.