Көкшетауда борыштарын өтеп жүрген 5510 әскери бөлімшесінің сарбаздары жаппай ауруханаға түсіп жатыр. Олардың бесеуінен менингококк бактериясы анықталды, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Бір апта ішінде 40-тан аса сарбаздың денсаулығы нашарлаған. Олардың қызуы көтеріліп, әлсіреп, басы ауырған. Сондықтан сарбаздар ЖРВИ белгілерімен инфекциялық ауруханаға жеткізілді.
Қазір әскери бөлімшеге шектеулер енгізілген. Ондағы осы науқастармен байланыста болған 300-жуық адам толық тексерістен өтеді. Жұқпалы дерт жұқтырғандар саны бұдан да артуы мүмкін.
Денсаулығы нашарлаған сарбаздарды әскери бөлімшедегі дәрігер қараған, алайда аурулары асқынып кеткендіктен, оларды қаладағы ауруханаға жеткізген. Науқастар бір өлімнен қалды, дейді дәрігерлер.
Бұған не себеп екені әзірше белгісіз. Қазірдің өзінде жұқпалы аурулар ауруханасында 44 сарбаз емделіп жатыр. Бөлімшедегі басқа сарбаздар да тексерістен өтіп жатыр. Қазір әскери бөлімше толық бақылауға алынған.