Мажарстан премьер-министрі Виктор Орбан ҰҚК-нің бұрынғы төрағасы Кәрім Мәсімов пен оның отбасы мүшелерінің Мажарстан азаматтығы бар екенін растады.
10 қарашада Самарқандтағы Түркі мемлекеттері ұйымының саммиті аясында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Виктор Орбанмен кездесті.
Еске салайық, Мәсімов қаңтар оқиғасынан кейін мемлекетке опасыздық жасады деген күдікпен ұсталды. Қаңтар айының соңында ҰҚК баспасөз қызметі Мәсімов пен оның орынбасарларының ісі құпия болып, сот оларды қамауға алуға санкция бергенін хабарлады. 10 наурызда департамент Мәсімовтен тәркіленген миллиондар, зәулім үйлер мен қымбат көліктер туралы мәлімдеді. ҰҚК экс-басшысының қамауға алу мерзімі бұған дейін жеті рет – 14 наурызда, 14 сәуірде, 11 мамырда, 6 маусымда, 19 шілдеде, 25 тамызда және 26 қазанда ұзартылды. Ол 17 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Шілденің 13-і күні Кәрім Мәсімовтің немере інісі, Павлодар облысының полиция департаментінің бұрынғы басшысы Нұрлан Мәсімов Ресей шекарасында ұсталды. 18 шілдеде ҰҚК-нің бұрынғы басшылары Гонконг пен Біріккен Араб Әмірліктеріне заңсыз алып кеткен 3 миллион доллардың Қазақстанға қайтарылғаны белгілі болды.
Тамыз айының соңында Мәсімовке қатысты тергеу аяқталды. Бұған дейін ҰҚК экс-басшысының ісі сотқа дейін жеткен болатын.