Денсаулық сақтау саласындағы маңызды мәселелердің бірі – қоғамда ағза мүшесінің донорлығына оң көзқарас қалыптастыру. Трансплантацияны үйлестірушілер бұл бағытта кең ауқымды ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.
Қазіргі заманда трансплантология – сұранысы көп жоғары технологиялық медициналық көмектің түрі саналады. Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, Қазақстанда 6 трансплантация орталығы, 40 донорлық стационар, 26 стационарлық және 16 аймақтық трансплантация үйлестірушісі бар. Елімізде 2012 жылдан бері трансплантация бойынша республикалық үйлестіру орталығы жұмыс істейді. Оның ең басты міндеті – Қазақстанда ағза мүшесі донорлығының тиімді ұлттық жүйесін құру.
2021 жылы бұл орталық 4 өлі донордан трансплантация жасауды үйлестірген: 10 донорлық ағза мүшесі алынып, ол транплантацияға зәру рецепиенттердің регистрінде тіркеулі тұрған 10 науқасқа трансплантталды.
Ал биылғы 6 айда 2 өлі донордан 7 ағза мүшесі алынып, ол зәру рецепиенттерге трансплантталды.
Былтыр жыл бойына республиканың трансплантациялық орталықтарында ағза мүшесінің транспланттау бойынша 171 операция жасалды: оның ішінде 4 өлі донордан 10 ағза мүшесі көзі тірі донорлардан 161 ағза мүшесі ауыстырылды. Ал, биылғы жартыжылдықта трансплантациялық орталықта ағза мүшесі трансплантациясы бойынша 104 операция жасалды. Оның ішінде 7 ағза мүшесі өлі донордан алынса, 97 ағза мүшесі көзі тірі донордың келісімен алынған.
ҚР Денсаулық сақтау министрлігі.
Айта кетерлік жайт, қазақстандықтар өзі қайтыс болғанда кезде трансплантация жасау мақсатында ағза мүшесінің доноры болуға, не одан бас тартуға ықтиярын egov.kz порталы арқылы көзі тірісінде білдіре алады. 2020 жылдан бері порталда осындай 18000-ға жуық өтінім тіркелген: оның ішінде 17 мыңнан астам адам бас тартса, 1000-ға жуық адам ғана келісім берген екен.