Жұмыс күшінің жетіспеуінен Канаданың экономикасына қауіп төнуде.
Әсіресе Квебектегі Эруксвиль деген шағын қаланың билігі қазіргі уақытта жаңа мигранттарды тартумен белсенді айналысуда.
Эруксвильде 1300 адам тұрады. Қала басшылығы жаңа мигранттар үшін баспанаға субсидия беру сияқты түрлі ынталандыру шараларын енгізуді қарастыруда.
Канада да әлемдегі көптеген елдер сияқты жұмыс күшінің тапшылығы проблемасына тап болып отыр. Ел үкіметі миграцияны шектеу мен экономикалық өсімді талап ететін қоғамдық-саяси қысымға қарамастан, тығырықтан шығу жолдарын табуға тырысуда.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (OECD) соңғы деректеріне сәйкес, 2021 жылдың соңынан бері Канада батыс әлеміне жататын елдердің ішінде жұмыс күшінің жетіспеушілігі бойынша ең қиын жағдайға тап болып келеді.
Әсіресе Квебек провинциясының ауылдық жерлерінде жұмысшы табу басты қиындық болып отыр.
Бұл өңірге көшіп келетін азын-аулақ шетелдік мигранттар негізінен мәдени орталық саналатын ірі қала Монреальға қоныстанады.
2022 жылдың жазындағы жағдайға сәйкес, Квебекте 246 300 бос жұмыс орны тіркелген. Ал жұмыссыз азамат ретінде небәрі 185 100 адам болған.
Жұмыс күшінің тапшылығы әсіресе өңдеу өнеркәсібінде қатты байқалуда.