Түркістан облысында 167 адам астан уланды. Барлығы Кентау қаласындағы қоғамдық тамақтану орнынан суши, пицца, тауық етін жеген. Қазір сынамасы зертханада тексеріліп жатыр.
Тұрғындар «Ризық» деп аталатын фаст-фуд орталығында ас ішіп, уланған. Бұл орталық қазір жабық тұр. Жұрт жаппай ауруханаға түскен соң, полиция басқармасы мен СЭС мамандары дәмхананы жоспардан тыс тексерген. Нысанның санитарлық құжаты түгілі, аспаздарының медициналық кітапшасы болмай шықты.
Бір қызығы, тамыз айында дәл осы дәмханадан тамақ ішкен сегіз адам уланып ауруханаға түскен екен. Бірақ ол кезде бұл жайт ешкімді селт еткізбеген. Енді полицейлер қылмыстық іс қозғап, тергеу жүргізіп жатыр. Ал астан ұшынған 167 адам қазан айының 6-9 аралығында тамақтаныпты,
делінген КТК телеарнасының сюжетінде.
Түркістан облысы қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Алтын Досанова жалпы 145 адам ауруханаға барып тіркелгенін айтты.
Жалпы 145 науқас келіп тіркелді. Оның 98-і ауруханаға жатқызылды. 47 науқас амбулаторлық емге жіберілді. Түркістан қаласына 31 науқас жатқызылды. Кентау қаласына – 67 науқас. Оның ішінде бес жүкті әйел мен 33 бала бар. Бәрінің жағдайы орташа ауыр,
дейді Алтын Досанова.
Оның айтуынша, жағдайы жақсарған науқастар үйіне шығарылады.