Оқиға Түркістан облысы Кентау қаласында 26 сәуір күні кешкі сағат 8-дер шамасында болған. Оқушы қызды қан-жоса еткен ер кісіні көршілер көріп қалған екен.
Бұл туралы «Не молчи» қоры хабарлады. Оның мәліметінше, ер адам жас қызды зорламақ болған.
11 жастағы оқушы үйінен дүкенге майонез алу үшін шыққан. Үйдің кіре-берісінде әлгі еркек оның жасын сұрап, әдемі екенін алға айтып, құшақтап алған.
Қыз айғайлап көмек сұраймын дегенше ер адам оның тамақ тұсынан қатты қысып, қылқындыра бастаған. Ұрып-соққан. Кейін қызды аулаға алып шығып, ұрып-соғуды жалғастырған. Тіпті таспен басынан, бетінен ұрған. Үйдің артына дейін сүйреп апарып, ұрып-соға берген.
Оқиғаны қыздың көршісі көріп қалған соң ер кісі қаша жөнеліпті. Бұл бойынша полицияға арыз түскен. Дина Таңсәрінің мәліметінше, істі тәртіп сақшылары «Бұзақылық» бабымен тіркеп, күдіктіні босатып жіберген.
Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасындағылар оқушының соққыға жығылғанын растады. Ол жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілген.
«Немолчи» қорының мәліметінен соң, болған сәттің видеосы анықталып, тексерілді. Оның негізінде күдіктінің жеке басы белгілі болды. Ер адам полиция бөліміне жеткізілді.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 293-бабы 1-бөлігі «бұзақылық» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстық құқықбұзушылық ҚР ҚК-нің 24-бабының 3-бөлігі, 120-бабының 4-бөлігі бойынша қайта сараланды. Күдікті қамауға алынды. Күдікті бұрын сотты болған жергілікті тұрғын болып шықты. Оқиғаның толық мән-жайы анықталуда.
ІІМ Telegram-каналының жазуынша, қазір осы іске қатысты бірқатар сараптама тағайындалды.