Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев күні кеше дүрілдетіп ұлын үйлендірді. Бірақ тойды туған жері Қызылордада емес, Алматыға барып, Алатаудың етегіндегі ең қымбат ресторандардың бірінде өткізген екен.
Нұрлыбек Нәлібаев ол тойға 113 млн теңге шығарды, деп түрлі дереккөздер жазып жатыр, әлеуметтік желіде халық жазып жатыр.
12 млн-ға той өткізгендерді көрдік. 30-50 млн-ға той жасағандарды естідік. Ал енді 113 млн-ға той өткізу қаншалықты ақылға сияды? Нәлібаев жалдаған ресторанның бір орынға алатын ақысы 280 мың теңге екен. Ал, есептей беріңіздер. Егер 200 адам шақыратын болса, 56 млн теңге,
деп күйінеді журналист Ербол Мәндібек.
Бұл өзі қаншалықты дұрыс? Жарайды, облыстың басшысы той жасаған екен, өзі сол Қызылорданы басқарып отыр, ендеше тойды неге өзінің туған жерінде өткізбейді? Бұлардың байлығы асып-тасығаны сонша, Қызылорданы менсінбеді ме? Әлде Қызылордада бұлардың деңгейіне жететін ресторан жоқ па, деген секілді түрлі сауалдар қойылып жатыр. Неге әлі күнге дейін не әкімнің тарапынан, не сол кісінің маңайындағы көмекшілерінің тарапынан ешқандай жауап жоқ?
Президент Тоқаев әкімдерді тағайындаған кезде «сендер той тойлаңдар, қыдырыңдар» деп айтқан жоқ қой? Керісінше, «халықтың әл-ауқатын көтеріңдер, әрқайсың басқарып отырған облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсартыңдар, осы сенім үдесінен шығасыңдар», деп сенім білдірген болатын. Бірақ біздің әкімдер президенттің осы сенімін, жалпы халықтың алдындағы сенімін ақтап жатыр ма?
Бұл мәселеге барлық мүдделі мемлекеттік органдар назар аударып, тексеріп, нақты нәтижесін халықпен бөлісуі керек. Өйткені жаңа Қазақстан деген – бұл бірінші кезекте ашықтық. Халықтың алдында ашық жүру, ашық сөйлеу, не болса да ашық көрсетіп істеу. Сондықтан, қоғам болып, жауап күтеміз,
деген талап қойып отыр ол.