Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет жылдам әрекет ету штабы ғана емес, нақты реформаларды ұсынып, жүргізетін мемлекеттік мекеме болуға тиіс екенін айтты.
Президент кеңейтілген отырыста үкімет жұмысын бағалады. Берілген баға жоғары емес.
Жалпы, үкіметтің жұмысына орташа баға беруге болады. Үкімет табандылық танытуға тырысып жатыр, бірақ қазіргі кезеңде еркінсуге болмайды. Жұмыс қарқынын барынша күшейту керек,
деді мемлекет басшысы.
Ол жаңа әдістер қолдану қажет екенін, үкімет жылдам әрекет ету штабы ғана емес, нақты реформаларды ұсынып, жүргізетін мемлекеттік мекеме болуға тиіс екенін айтты.
Қазақстанда білімді әрі дарынды экономистер, кәсіпкерлер көп. Бірақ олардың нақты ұсынысы аз, тіпті жоқ деуге болады. Күзге қарай кадрлық шешімдер қабылдауға тура келетін шығар. Ерекше дағдарыс жағдайында бұл аса қажет екені түсінікті,
деді президент.
Астанада президенттің төраға болуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр. Бұған дейін мемлекет басшысы үш министрге сөгіс жариялаған еді.