Журналист Диас Нұрақын бүгін хостелде болған өрттің салдарының артында ЖОО-лардың студенттерге жағдай жасауға құлықсыздығы жатыр деген ой айтты. Себебі, өрт шыққан хостелде негізінен студенттер тұрған.
«Кез-келген түсініксіз жағдайдан “арнайы комиссия құрылды, нәтижесін кейін айтамыз” деп құтылып кетуге болады. Бүгін де сол жүрістен жаңылмай, хостелдегі өртке қатысты үкіметтік комиссия құрылыпты. Ыс тиіп өлген 13 адамның тоғызы Қазақстан азаматтары. Қалғаны Ресей мен Өзбекстаннан келген екен. Небәрі 1,5 ай бұрын ашылған панажайда негізінен студенттер тұрған.
Жатақхана жетпейді деген желеумен Жоғары білім министрлігі мен унрверситеттер жастарды жаппай жертөлеге жатқызып еді. Екі ай өтпей жатып зардабын көрдік.
Болмайтын жиын өткізіп, ғылыми жаңалығы жоқ ғалымдардың мерейтойын жасап, ешкім оқымайтын кітап шығарумен айналысатын универлер неге сол қаржыға жатақхана салмайды екен?
Ақылы негізде оқитын әр студенттен жылына кемі 1 миллион теңге алатын білім ордаларында қаражат жоқ дегенге сенбеймін. Ректорларда қаржы емес құлық пен құлшыныс жоқ,
деп пікір білдірді Диас Нұрақын.