Кофенің адам ағзасына пайдасы немесе зиянына қатысты дау өте көп. Бұл дауларға осыдан бірнеше ғасыр бұрын басталған әртүрлі зерттеулер де себеп болып отыр. Жақында кофенің жүрек ауруы бар адамдар үшін қауіпсіз екені, және Альцгеймер ауруы қаупін азайтатыны белгілі болды.
Дегенмен, бүгінгі күні бар ғылыми зерттеулердің көпшілігі кофеиннің кейбір аурулардың дамуына әсері арасындағы себептік байланысты шын мәнінде анықтауға мүмкіндік бермейді. Ал кофеиннің әсерін кофеині бар өнімдердің құрамындағы өзге қосындылардан бөліп алудың қиындығы бұл проблеманы одан әрі күрделендіреді.
Шешімді табу мақсатында американдық ғалымдар дәл есептеулер үшін генетикалық деректерді пайдаланатын рандомизация әдісін қолдануды ұйғарды. Жаңа зерттеу кофеиннің метаболикалық аурулардың алдын алуы мүмкін деген осыған дейінгі тұжырымдарды растады. Дегенмен, бұл басқа факторлардың емес, нақты кофеиннің әсері екендігіне сенімді болу үшін генетикалық талдау жүргізу қажет болды.
Геннің жұмысы
Зерттеуге 10 мыңға жуық адам қатысты деп жазады EurekAlert. Ғалымдар CYP1A2 және AHR гендерінің екі нұсқасына талдау жасады, олар организмдегі кофеиннің метаболизм жылдамдығымен байланысты. Бұл генетикалық нұсқалардың тасымалдаушылары кофеиннің баяу метаболизміне ие және орташа алғанда кофені аз ішеді. Сонымен қатар олардың қанында кофеин деңгейі жоғары.
Талдау көрсеткендей, қандағы кофеиннің мұндай деңгейі салмақ пен денедегі майдық аздығымен, сондай-ақ 2 типті қант диабетінің даму қаупінің төмендігімен байланысты.
Қандағы кофеиннің жоғары деңгейінен болған салмақтың төменділігі қант диабеті қаупін екі есеге азайтқан. Жүрек-қантамыр аурулары үшін маңызды корреляция табылған жоқ.
Нәтижелер кофеиннің кофе тұтыну мен 2 типті қант диабеті қаупінің төмендеуі арасындағы байланыстың бар екендігін түсіндірді,
дейді зерттеушілер.
Ғалымдар енді қант диабеті мен семіздіктің алдын алуда кофеині бар арнайы сусындардың әсерін зерттеуді жоспарлап отыр.