Қаржы мониторингі агенттігінің елордалық департаменті 3 қазақстандық азаматтың «ABS Change» крипто айырбастау пункті арқылы цифрлық активтерді айырбастау саласындағы заңсыз кәсіпкерлік қызметін әшкереледі.
Ведомство мәліметінше, аталған азаматтар заңсыз әрекеттерін АХҚО алаңынан тыс жерде іске асырған. Олар 2021-2023 жылдар аралығында Астана қаласының аумағында қылмыстық қызметін жүзеге асырды.
Өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде айырбастау пунктін ұйымдастырушылардың заттары, 342 000 АҚШ доллары және 7 млн теңгесі тәркіленді. «Binance» платформасында 2 криптоәмияннан 23 мыңға жуық АҚШ доллары сомасына криптоактивтер анықталып, оларға уақытша шектеу қойылды.
Алдын ала есеп бойынша «Binance» платформасындағы крипто айырбастау пунктінің крипто-әмияндарының жалпы айналымы шамамен 34 млн АҚШ долларын құрады,
делінген ҚМА хабарламасында.
Қазіргі кезде тергеу жалғасып жатыр. ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.