Қазақстан президенті шағын құрамдағы ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына қатысты.
Өз сөзінде ол Шанхай Ынтымақтастық Ұйымына қатысушылардың құрамы үнемі кеңейіп отыратынын атап өтті. Бұл ұйымның тұрақты өсіп келе жатқан халықаралық беделі мен ықпалының дәлелі.
Қазіргі әлем халықаралық жағдайдың күрт шиеленісуінің қауіпті кезеңіне аяқ басты, онда санкциялық қысым әдістері, сондай-ақ түйіндік жаһандық проблемаларды шешуге конфронтациялық тәсілдер бірінші орынға шықты. Өзара сенімнің жетіспеушілігі қазіргі заманның ерекшелігі болып тұр.
Мұндай жағдайда өзара сенімге, тең құқықтық пен ашық диалогқа негізделген бірегей «Шанхай рухын» нығайту міндеті аса маңызды болып табылады,
деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ол ШЫҰ-ның қызметі оның жарғылық құжаттарында бекітілген негізгі қағидаттарының өзектілігін көрсетті: «үш жамандыққа», яғни экстремизмге, терроризмге, сепаратизмге қарсы күрес; сондай-ақ мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау; ішкі істерге араласпау.
ШЫҰ-ның негізгі басымдығы өңірлік қауіпсіздікті нығайту болып қала береді.
Осы өзекті салада бірлескен қызметті көздейтін бұрын қабылданған құжаттарды іске асыруды жалғастыру қажет. Сондықтан қорғаныс ведомстволары мен арнайы қызметтер арасында әскери-саяси салада ынтымақтастықты арттыруды ұсынамын.
Ұйымның ақпараттық кеңістігін қорғау инфрақұрылымын құру үшін киберқылмыспен күрес мәселелері ерекше өзектілікке ие болады
ШЫҰ-ны жаһандық экономикалық платформаға айналдыру жоспарда бар. Қазір ШЫҰ-ға қатысушы мемлекеттердің үлесіне ЖІӨ-нің жалпы әлемдік көлемінің төрттен бір бөлігі, яғни 23 триллион доллардан астамы тиесілі.
Тиімді экономикалық және көлік дәліздерін дамыту бойынша ШЫҰ елдері ынтымақтастығының тұжырымдамасын қабылдау логистикалық өзара байланысты жақсартуға көмектесті.
Әңгіме «Қытай – Еуропа» бағыты мен Транскаспий халықаралық көлік бағыты бойынша теміржол тасымалдары, сондай-ақ Қазақстан мен Қытай шекарасында үшінші теміржол өткелі пунктін салу жөніндегі жоспарлар туралы болып отыр. ШЫҰ бойынша әріптестерімді осыған байланысты ашылатын мүмкіндіктерді пайдалануға шақырамын,
деп атап өтті Қазақстан Президенті.
Шығыс Азиядан Парсы шығанағы елдеріне ең қысқа жолды ашатын «Қазақстан – Түрікменстан – Иран» темір жолы да елеулі әлеуетке ие. Орталық және Оңтүстік Азия арасындағы көлік бағыттарын кеңейтуге, «Солтүстік – Оңтүстік» және «Шығыс – Батыс» трансеуразиялық дәліздерді дамытуға күш салынуда.
ШЫҰ мемлекеттері — әлемдегі ауыл шаруашылығы өнімдерінің ірі өндірушілері мен экспорттаушылары. Біз ШЫҰ өңірі ішінде де, одан тыс жерлерде де ауыл шаруашылығы өнімдері саудасының кеңеюін ынталандыруымыз керек.
Біздің мемлекеттеріміздің тамақ өнімдерін өндіру мен жеткізудің халықаралық тізбектерінің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз етуге қатысуы әлемдік азық-түлік нарығындағы тұрақтылықтың сақталуына ықпал ететін болады,
деп түсіндірді мемлекет басшысы.
Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану саласындағы ынтымақтастық бағдарламасын қабылдау Ұйым үшін өзекті болмақ.