Мундиаль 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катардың бес қаласында болады.
«Қазақстандық жанкүйерлер чемпионат матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен бірге qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады.
ХХІІ әлем чемпионаты Катардың 5 қаласында 8 стадионда болады. Трансляциялардан бөлек, бір ай бойы тікелей эфирде арнайы бағдарламалар циклы ұйымдастырылады.
20 қарашадан бастап «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының түсірілім тобы Катар стадиондарынан репортаждар ұсынып, тікелей қосылымдарға шығады. Чемпионат кезінде корпорацияның әлеуметтік желідегі парақшаларында жанкүйерлер арасында футбол атрибуттары ойнатылады.
Елімізде ХХІІ әлем чемпионатының ойындарын көрсету құқығы тек «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясына тиесілі. Чемпионатты өзге ақпарат көздерінен трансляциялауға, таратуға тыйым салынады. Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар мен қоғамдық орындардағы көрсетілімдер де тек «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының эфирі арқылы көрсетілуі тиіс.
Катарда футболдан әлем чемпионатына 32 елдің ұлттық құрама командасы қатысады. Олар сегіз топқа бөлінді.
Әр топтан үздік шыққан екі құрама 1/8 финалға жолдама алады. Одан кейін қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға шығады.