Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының президенті, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әлеуметтану ғылымдарының докторы Раушан Сәрсембаева Қазақстанда және әлемде әйелдердің бизнес-жобалары алдыңғы қатарға қалай шығып жатқаны туралы айтып берді. Бұл туралы, сондай-ақ, Қазақстанда өтетін «Әлемді өзгертетін әйелдер: жаңа мүмкіндіктер мен сын-тегеуріндер» V Еуразиялық әйелдер саммитінде сөз болады.

Раушан Біргебайқызы, әйелдер саммиті қарсаңында сіз бірқатар тақырыптарды атап өттіңіз: қатысушылар әйелдер кәсіпкерлігіндегі трендтерді талдайды, әйелдердің табысты стартаптарын, Қазақстаннан және басқа елдерден келген әйел кәсіпкерлердің тәжірибесін талқылайды. Бұл тақырыптардың барлығы өте өзекті, форум көптеген сарапшының басын біріктіріп отырғаны бекер емес. Сіздің қауымдастық осы іс-шарадан қандай нәтиже күтеді?
Біз, ең алдымен, әлеуметтік және экономикалық құбылыс ретінде әйелдер кәсіпкерлігіне деген қызығушылық артқанын күтеміз. Бұл қызығушылық онсыз да зор болғанымен, ойымызға кіріп-шықпайтын көптеген ерекше жағдайлар да орын алуда. Мысалы, БАӘ немесе Катар сияқты кейбір араб елдерін біз патриархалдық деп санап келдік. Ал, шын мәнінде, онда әйелдердің жартысынан көбі ЖОО-ны бітірген, үкіметте отырғандардың үштен бірін әйелдер құрайды, көптеген ірі бизнес-холдингтерді әйелдер бақылайды. Бұл, атап айтқанда, авиация саласындағы компаниялар, мұнай-газ саласы, қызметтің басқа да «ерлерге тән» бағыттары. Біздің әлем жылдам өзгеруде және әйелдер бұл өзгерістерде маңызды рөл атқарады. 11-12 қазанда Алматыда «Әлемді өзгертетін әйелдер» атты V Еуразиялық әйелдер саммиті өтеді, онда біз осы процестердің барлығын талқылайтын боламыз.
Саммит аясында бес ірі іс-шара немесе тақырыптық сессия күтілуде. Бұл, атап айтқанда, еліміздің барлық өңірлерінде ҚР іскер әйелдер қауымдастығының мүшелеріне тиесілі кәсіпорындар өндіретін өнімдердің көрмесі. Мысалы, Ақтөбеден келген біздің қатысушы көрмеде өңір нарығында танымал шоколадпен қапталған джентті ұсынады. Қостанайлықтар қолдан жасалған, өте жоғары сапалы, үлкен сұранысқа ие кәдесыйлар – қуыршақтарды ұсынады; көрмеде олар біздің корпоративтік стильде киінетін болады. Еліміздің барлық өңірлерінде біздің қатысушыларымыз өндіретін қазақстандық премиум-косметика, азық-түлік және басқа да көптеген тауарлар ұсынылатын болады.
Саммиттің тағы бір маңызды шарасы «Әйелдер кәсіпкерлігі мен жұмыспен қамтуды дамытудағы жаһандық және өңірлік трендтер» халықаралық конференциясын өткізу болады. Мұнда біз жаһандық үрдістерді талдаймыз, Азияда, Еуропада, Америкада әйелдер кәсіпкерлігінің қалай дамып жатқанын талқылаймыз. Нақты кейстерді талқылай отыра, бір-бірімізбен қызықты тәжірибелерді бөлісеміз. Себебі, бүгінде әйелдер кәсіпкерлігі тек кафелер мен сұлулық салондары, немесе шағын жоба ғана емес қой. Әйелдер заманауи бизнесті әртүрлі бағыттар бойынша алға жылжытуда. Заманауи Қазақстанда әйелдер жобаларының (ірі ғана емес, тіпті шағын бизнесте де) басты айырмашылығы инновациялық тәсілдерді, цифрландыруды, экологиялылықты қолдану болып табылады. Біздің әйелдер заманауи кәсіпорындар құрып, басқарудың ең озық тәжірибелерін қолданады. Бұл шетелдік әріптестер үшін өте қызықты, саммит қонақтарының деңгейі жоғары болғанының да себебі осы.
Осы сәтте форумға келетін қонақтармен таныстыра кетсеңіз? Делегациялар қай елдерден күтіледі?
Өте сыйлы қонақтар. Мысалы, америкалық делегацияның құрамында Мэн штатының бұрынғы губернаторы, Кеннедидің үлкен саяси отбасының мүшесі Кэтлин Кеннеди болады. Саммит қонақтары арасында Бүкілқытайлық әйелдер федерациясының төрағасы Шэнь Юэюэ, «Әмірліктер әйел кәсіпкерлер қауымдастығы» қорының президенті (БАӘ, Дубай) Шафега Алт Амери де бар. Дүниежүзілік кәсіпкер әйелдер федерациясының өкілдері Еуропадан келеді. Кәсіпкер әйелдермен ынтымақтасатын ірі бизнес-құрылымдар мен әлемдік даму институттарының өкілдері болады. Атап айтқанда, ЕҚДБ (Ұлыбритания, Лондон) гендерлік мәселелер және экономикалық интеграция департаментінің директоры Барбара Рамбусектің сөз сөйлеуі күтілуде. Әрине, қонақтар арасында Орталық Азиядағы көрші елдеріміздің өкілдері болады: Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан. Түркиядан делегация келеді.
Саммитте тағы басқа қандай қызықты тақырыптар талқыланады?
Әйелдер стартаптарына арналған арнайы жеке сессия болады. Біз әйелдердің қалай ақша таба алатынын және көшбасшылыққа жол ашуды қалай үйренгенін көрсететін нақты тәжірибелер мен жобалардың мысалдарын талқылаймыз. Мұнда тағы бір айта кететін жайт, әйелдер кәсіпкерлігі екінші сұрыпты кішігірім жобалар деген түсінік ескірген. Әйелдер, соның ішінде Қазақстанда да бүгінде индустрияның түрлі саласында еңбек етіп жатыр. Бұл тиімді стартаптарға да қатысты. Біздің әйелдер инвестициялау мен жобаларды дамытудың ең үздік тәжірибесін пайдалана отырып, озық әлемдік кейстерді ұстанады. Бірақ ең бастысы – олар ешкімге қол жаймайды, мемлекеттен көмек сұрамайды, өздері тырмысып жұмыс істейді, бизнестерін дамытады, жұмыс орындарын ашады, өседі. Сонымен қатар, бұрыннан бос емес нишалардың өзінде табысты өсуде. Біз форум қонақтарына бірегей кейстер туралы, сонымен қатар дәстүрлі әйелдер кәсіпкерлігінде, мысалы, мейрамханалар немесе печенье өндірісінде табысты қазақстандық жобалар туралы айтамыз.
Осындай мысалдарды бізбен бөлісе аласыз ба?
Әрине. Мысалы, біз небәрі 25 жастағы алматылық іскер әйел туралы айтып береміз. Оның Қазақстан мен Ресей бойынша осындай таза «әйелдердің» қызметтеріне мамандандырылған 36 нүктесі бар. Бүгінде ол өте табысты қыз. Кәсібін жалға алған бір шағын кабинеттен бастаған! Қазір ол бизнесті масштабтаудың жаңа деңгейіне шығуда – тек Қазақстанда ғана емес, Ресейде де салондар желісін белсенді түрде кеңейтуде. Косметикалық қызметтер саласындағы әзірлемелерге бағытталған сұлулық институтын құрды.
Осындай мысалдар арқылы біз әйелдердің өздерін қалай өзгертіп жатқанын және айналасындағыларды қалай өзгертетінін көрсетуіміз керек. Біздің қауымдастық оларды осы бағытқа жетелейді. Бізде үш негізгі қағидамыз: көмек, қолдау, жылжыту. Ал жаңадан келгендер қауымдастыққа кіргенде, осы ортада шығармашылықпен жұмыс істейтін әйелдер күшті мотивацияға ие болады. Олар көз алдымызда өзгеріп, өз күштеріне көбірек сене бастайды, олардың жекелей өсе бастайды, нәтижесінде бизнесте елеулі жетістіктерге жетеді. Біз сондай-ақ саммит барысында әйелдерге арналған қолдау және консалтинг бағдарламалары туралы егжей-тегжейлі айтып береміз.
Айтпақшы, саммитте жоспарланған және шынымен маңызды бизнес-жоба құрғысы келетіндер үшін өте пайдалы тағы бір маңызды сессия «Ұрпақтан ұрпаққа жалғасқан көшбасшылық» деп аталады. Біз оған қауымдастық өкілдерін емес, бизнесте және қоғамдық өмірде жоғары беделге ие мамандарды шақырдық. Бұл корпоративтік сектордан, шағын және орта бизнес саласынан шыққан адамдар, олардың көпшілігі ел тарихының әртүрлі кезеңінен өткен аға буындардың өкілдері. Олар саммит қатысушыларымен өз тәжірибелерін және пайдалы істерін бөліседі.
Ал келесі күні біздің форум бағдарламасында түрлі бағыттар бойынша көптеген тренингтер жоспарланған. Бұл жеке өсу, білім алу және жаңа буын бизнес көшбасшыларының қалыптасуы. Командасыз көшбасшы, шын мәнінде, ешкім емес екенін түсіну маңызды. Сондықтан біздің негізгі тренингіміз «команда құру» деп аталады. Ол шынымен тиімді пікірлес команданы қалай құруға, өсіруге, оқытуға болады деген сұраққа жауап береді.
Тренингтердің жеке тобы бизнестегі коммуникация дағдыларына бағдарланатын болады – қазір бұл табысты компания құрудағы ең маңызды нәрсе. Әлеуметтік коммуникация дағдылары (soft skills) – бұл университеттің бизнес-коммуникация курсында психологтар үйрететін білім емес. Бұл мыңдаған кездесулер мен әңгімелер арқылы сыналған өмірден алынған ең құнды практикалық тәжірибе. Сіз қай салада жұмыс істесеңіз де, не істесеңіз де – аграрлық жобалар, сұлулық пен денсаулық, балмұздақ өндірісі немесе IT саласы – байланыс принциптері әмбебап және барлық жерде қажет. Команда құру, жеке брендті жылжыту, брендті нарықта одан әрі монетизациялау және тағы басқалар маңызды, өйткені қазіргі заман компанияның құндылығын өсіруге және нарықты кеңейтуге жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Оларды пайдаланбау – күнә! Бүгінгі таңда Қазақстанның шағын және орта бизнесінде әйелдердің шамамен 50 пайызы бар және олар үшін табысты тиімді тәжірибелер, даму мысалдары өте құнды. Біз оларды барынша ынталандырғымыз, қанаттандырамыз, ең жақсы тәжірибе мен тиімді тәсілдер туралы айтқымыз келеді.
Әйелдерге өзін-өзі дамытуда, жаңа құзыреттерді қалыптастыруда және басқа мәселелерде қажетті көмек пен қолдау алуға мүмкіндік беретін қауымдастық бағдарламалары туралы айта кетсеңіз. Біз «Менторинг», «Мастермайнд», «Іскерлік байланыстар» сияқты мамандандырылған жобалар туралы айтып отырмыз. Бұл бағдарламалар әйелдерге өз ісін дамытуға қалай көмектеседі, олар іс жүзінде несімен құнды?
Біздің «Менторинг», «Мастермайнд», «Іскерлік байланыстар» бағдарламалары бизнесті тиімді жүргізу дағдылары мен құзыреттерін қалыптастыруға, сондай-ақ оларды өз жеке тәжірибемізде сынақтан өткізуге және игеруге бағытталған. Әйелдер ынтымақтастықта жұмыс істейді, әр кезеңде тәжірибелерін бөліседі, қол жеткізгеннің бәрін талқылайды, нақты тәжірибелердің кемшіліктері мен артықшылықтарын айтады. Үш айдың ішінде біздің әріптестеріміз өздерінің білім деңгейлерін көтеріп, ең үздік тәжірибелерін кеңейтеді, сондықтан олардың көз алдында сатылымдар мен айналымдар өсе бастайды, жаңа перспективалы жобалар пайда болады, инвестициялардың қайтарымы артады. Табысқа жеткеннен кейін, табысты әріптес біздің даму бағдарламаларымыздың бөлігі ретінде басқалармен тәжірибе бөлісе бастайды.
Бізге жаңадан келген кәсіпкер әйелге тәлімгер тағайындалады – тәжірибелі, табысты әріптесі. Оның бірінші айтатыны: «Менің қателіктерімді қайталама, сен оларды айналып өтіп, сол нәтижеге аз күш жұмсау арқылы жете аласың». Тәлімгер: «Сен не қалайсың, қазір нені армандайсың, не істегің келеді?», — деп сұрайды. Мақсатты бірге анықтағаннан кейін біз жоспарлы түрде қадам жасай бастаймыз.
«Мастермайнд» бағдарламасы өз кезегінде проблемаларды шешуге бағытталған. Әр түрлі қызмет салаларындағы 5-6 әріптес – туризмнен біреу, өндіріс саласынан біреу, сұлулық индустриясынан біреу – сізбен бірге отырып, белгілі бір мәселені қалай шешуге болатындығы туралы «миға шабуыл» жасайды. Олар бірге шешім жолдарын анықтайды, мерзімін белгілейді, үнемі кеңесіп отырады. Бизнес заңдары ерлер үшін де, әйелдер үшін де бірдей болғандықтан – бұл жұмыс істейді. Ол шешу жолдарын білген болуы да мүмкін, бірақ оны бір нәрсе ұстап тұрды және ол ештеңе істемей жүреді. Осындайда әріптестері оны әрекет етуге және алға ұмтылуға көмектеседі.
Бірнеше даму бағдарламалары бар және олардың барлығы әйелді әрқашан сенімді сезінуге, барлық әдістер мен тәсілдерді білуге, ең жақсы тәжірибелерді қолдануға және шешім қабылдаудан қорықпауға бағытталған.
Бұған дейін сіздің қауымдастығыңыз Қазақстанда іскер әйелдердің жаңа буынын тәрбиелеу ниеті туралы мәлімдеген болатын. Аталған бағдарламалар дәл осыған бағытталған ба?
Дәл солай. Және бағдарламалар ғана емес. Жалпы, біздің қауымдастықтың барлық қызметі осы міндетке бағынады. Біз тренд қумайтын, трендтерді өздері жасайтын әйелдерді тәрбиелегіміз келеді. Менің ойымша, алдағы саммиттің атауы — «Әлемді өзгертетін әйелдер» — біздің көзқарасымыздың мәнін толық ашады. Біздің жоспарларымызда атап өтілген басты міндет – бизнесте табысты және өз өмірінде бақытты болатын, сондай-ақ әйелдер кәсіпкерлігінің дамуына елеулі үлес қосатын жаңа буын көшбасшыларын тәрбиелеу. Біз дәл осы бағытта жұмыс жасап жатырмыз. Көшбасшылардың даму процесі үздіксіз жүріп жатыр – біз кең әлемдік тәжірибеге және әртүрлі елдердегі әріптестердің үздік бизнес-тәжірибелеріне сүйене отырып, оларды дамытамыз, өсіреміз деп айтуға болады. Бұл тек бизнес-процестердің практикасына ғана емес, сонымен қатар жеке мінез-құлыққа, серіктестермен және өз қызметкерлерімен қарым-қатынас жасау қабілетіне, байланыс орнатуға, өзара әрекеттесудің тиімді тәжірибесін қолдауға қатысты. Бұл туралы біз халықаралық форумда өте көп және егжей-тегжейлі айтатын боламыз.