Қазақстандық танымал жазушы әрі тіл маманы Қанат Тасыбековтың суреті «Қазақстан» ұлттық арнасында отандық телесериалда өлген адамның персонажы ретінде рұқсатсыз көрсетілген.Бұл туралы Тасыбеков Facebook парақшасында жазды.
Жазушыға бұл туралы Астанада тұратын танысы хабарлапты. Ал отандық фильмдегі өлген адамның персонажының орнында өзінің суретін көргенде отбасы мүшелері де өте қатты ренжеген.
Көрдіңіз бе, қалай? Біртүрлі сезініп қалады екенсін, ә? Ал осыны көргенде әйел-балаларым қалай ренжігеніңді айтпай ақ қояйын. Ырымы жаман нәрсе ғой….
деп жазды жазушы.
Тасыбеков телеарнаға хат жазған. Ол өзінен кешірім сұрауды, фильмдегі бейнені жоюды және өзіне моральді өтемақы төлеуді талап еткен. Артынша бір әйел хабарласып, өзін телесериалдың продюсері деп таныстырған. Алайда әлгі сериалдың продюсері өзін біліксіз маман екенін көрсеткен соң, ол тұтқаны қоя салған.
Әлеуметтік желіні шулатқан аталмыш мәселені Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі өзі қолына алды.
Тиісті тапсырма берілді, мән-жайды анықтап, сізге хабарласады. Айып етпеңіз,
деп жазған министр.
Кейіннен жазба астына «Қазақстан» ұлттық телеарнасының басқарма төрайымының орынбасары Илхам Ибрагим пікір білдірді. Ол сериалды 2017 жылы, Корпорацияның тапсырысымен RecMedia компаниясы түсіргенін жеткізген. Айтуынша, фильмге Жанна Әбішева продюсерлік еткен.
Өкінішке қарай бұл шығармашылық топтың да, Корпорация тарапынан қабылдап алған маманның да салғырттығы. Дәл осы сериалды қабылдаған маман анықталып, жауапқа тартылады және Қанат мырзаның өзіне қосымша хабарланады. Кеткен олқылық үшін Канат Тасибеков мырзадан да, көрермендерімізден де кешірім сұраймыз,
деген телеарна өкілі.
Жазушы «Еститін мемлекет» деген ұғымға жан бітірген, барша қазақстандықтардың басын қосып отырған әлеуметтік желіге алғысын білдірді.