Шетелде оқыған. Сырттан тәжірибе жинаған…
Сондай жастарды көргенде «қазақтың көшін өрге сүйреп жүрген осылар ғой», деп ішің жылиды.
Жап-жас қыздар мен жігіттердің мемлекеттік маңызды лауазымға тағайындалғанын оқып, естігенде бірден биографиясымен танысасың. Оқыған оқуын, атқарған қызметтерін көріп, жас болса да осындай жауапты істің тұтқасын ұстапты деп қуанасың. Ел жағдайын тап бір ертең-ақ гүлдендіріп тастайтындай, бір сәт болса да армандап, үміт ететініміз өтірік емес…
Бірақ 30 жыл демей-ақ қояйық, соңғы 10 жылда не өзгерді? Біз үміт артқандар нені өзгертті?
Жауабы мен нәтижесі жоқ сұрақтардан тек көңіл құлазиды…
Сондай бір мықтыға қызыға да, қуана да қарайтынмын. АҚШ-та оқып келген. Экономикалық білімі бар. Үш тілді еркін меңгерген. Елге белгілі азамат.
Сөйлегенде сөздің жілігін шағады. Жиындарда кездесіп жүріп жақын таныдым. Кейін келе оның бәрі тек жеке бастың мүддесі үшін екенін түсіндім. Атақ пен мансапқа қатты жақындығын білдім. Сөйтіп, әлгі көңілім су сепкендей басылды…
Өкінішке қарай, біздің елдің даму жүйесі соған қарай құрылғаны шындық. «Ел мүддесі», «халық мүддесі» деп түрлі мінберден сөйлейтіндердің дені халықты алдап жүр.
Жалған уәде, өтірік ант береді.
Ең өкініштісі де, қорқыныштысы да осы.
Әлихан Бөкейханның «ұлтқа қызмет ету — білімнен емес, мінезден» деген сөзі ойға оралады.
Рас. Әлихан айтқан мінез қазақтан көшті.
Мен айтқан жастардың көбі өмір құндылығын дүниеге алмастырып алды: Бес күндік мына жалғанның жылтырағына алданды. «Жаным — арымның садағасы» деген қазақы ұстанымнан айырылды.
Екі сөйлеу жігіт ағасы үшін өліммен тең екенін пысқырмады.
Ертай Нүсіпжанов